Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Атырауда 100 орындық жатақхана ашылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Атырауда энергетика және құрылыс колледжінің студенттері үшін 100 орындық жатақхана ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жаңа жатақхана Елбасы – Тұңғыш Президенттің бес әлеуметтік бастамасы аясында салынған. Оның құрылысы «Теңізшевройл» ЖШС-нің «Игілік» әлеуметтік бағдарламасымен қаржы бөлінген. Заманауи үлгіде бой көтерген төрт қабатты жатақхана бөлмелері күнделікті тұрмысқа қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда студенттермен бірге жас отбасылар да тұра алады. Әр қабатта 4 теледидар мен 12 автоматты кір жуу машиналары бар.

«Жарты ғасырға жуық тарихы бар, өңіріміздегі аса қажетті мамандар даярлайтын оқу орнының керегесі кеңейді. Атырау энергетика және құрылыс колледжінің 100 орындық ​ жаңа жатақханасы қолданысқа берілуде. Қазір өңірдегі 24 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 15 мыңнан астам студент білім алады. Олардың жатақханаға деген сұранысын 2022 жылға дейін шешуді көздеп отырмыз. Елбасының «Бес әлеуметтік бастама» үндеуіндегі тапсырмасына сәйкес, 2018 жылы арнайы жол картасы қабылданды. Соның аясында 2 жатақхананың құрылысы аяқталды. Ал Атырау қаласы және Индер мен Жылыой аудандарында колледж жатақханалары салынып жатыр», деді аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов.

Қазір​ бұл колледжде 773 студент оқиды. Оның 189-і – ауылдық елді мекендерден келген жастар. ​ Сондай-ақ, инженер-оқытушылық құрамында 93 маман болса, оның 20-ы өзге өңірлер мен ауылдардан келген.