Тәуелсіздік мерекесіне орай Түлкібас, Бәйдібек аудандары мен Түркістан қаласында жаңа мектептер өз жұмысын бастады.
Облыс орталығындағы «Арман - М School» мектебі жайлы сыныптармен жабдықталған. Сондай-ақ, асхана, спорт зал, акт зал, медицина бөлмесімен қамтамасыз етілген. Жаңа модификация кабинеттері мен химия, физика, биология, информатика сыныптары талапқа сай жасақталған. Қауіпсіздік шараларына да баса мән беріліп, бейнебақылау камералары орнатылған.
Ал, Бәйдібек ауданы, Бестоғай ауылында салынған Досан мектебі 100 орындық. Екі қабатты білім ордасы жаңа парталармен және тақтамен жабдықталып, компьютер, биология, физика сыныптарымен және тігін шеберханаларымен, кітапхана, спорт залдармен қамтылған.
Түлкібас ауданындағы білім ұясы «Ауыл Ел-Бесігі» бағдарламасы шеңберінде бой көтеріп отыр. Жалпы аумағы 2 гектар жерді алып жатқан білім ошағы 3340 шаршы метрді құрайды.
Айта кетейік, биыл Түркістан облысында 53 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның 21 жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ, өңірде алдағы жылдары «Жайлы мектеп» жобасы аясында 63 мектеп салынады.