Тәуелсіздік құрдасы – полиция инспекторы бұл мамандықты таңдағанына өкінбейді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Тәуелсіздіктің құрдасы – учаскелік полиция инспекторы халық көп шоғырланған Петропавл вокзалы маңында жұмыс істейді. Заманауи жабдықтармен жарақтандырылған оның бүгінде жұмысы біршама жеңілдеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

29 жастағы полиция капитаны Ринат Омаров Петропавлдағы №3 полиция бөлімінде учаскелік инспектор болып еңбек етеді. Ішкі істер органдарында 6 жылдық еңбек өтілі бар жігіт бүгінде облыс орталығындағы ең тынышсыз аудандардың бірінде тәртіпті сақтайды.

«Вокзал маңы ауданының өз ерекшеліктері бар. Бұл жерден келіп-кетушілер көп. 50-ге жуық пәтер жалға беріледі. Түнгі тексеріс кезінде түрлі оқиғаларға тап болып жатасың. Әсіресе ішімдік ішкен адамдармен даулы сәттер жиі туындайды. Бұрын олардың кінәсін дәлелдеу қиынға соғатын. Қазір бейнетіркегіштердің арқасында жұмысымыз жеңілдеді. Бейнежазбаны әкімшілік материалға тіркеуге болады», - дейді Ринат Омаров.

Қызметкердің айтуынша, учаскелік полиция инспекторының негізгі міндеті тұрғындармен байланыс орнатып, олардың жағдайынан хабардар болу, қажет кезінде көмектесу.

«Менің ауданымда да зейнеткерлер, түрлі сала мамандары тұрады, теміржолшылар қоныстанған. Әрине, жанжал шығарушылар, бұзақылар және бұрын сотталғандар да бар. Олардың әрқайсысымен жеке профилактикалық жұмыс жүргізіледі. Тәртіпке салынғандары да бар. Осындай бір жанжалқойға сот алкоголь ішуге тыйым салды. Талаптарды орындамаса әкімшілік қамауға алынуы мүмкін еді. Нәтижесінде ер адам өмір сүру салтын өзгертті. Бүгінде мүгедек анасына қамқор», - дейді полиция капитаны.

Ринат Омаровтың айтуынша, соңғы жылдары учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істеу жеңілдеген.

«Биыл Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен 2020 жыл – учаскелік полиция инспекторларының жылы болып жарияланды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та халыққа арнаған биылғы жолдауында учаскелік инспекторлардың мәртебесін арттыру қажеттігін айтып кетті. Материалдық-техникалық жабдықталуымыз жақсарып келеді. Қазір бірден мәліметтер базасына кіруге мүмкіндік беретін электронды планшеттеріміз бар. Бұған дейін учаскелік полиция қызметкерлері мұндай ақпаратты телефон арқылы алған. Енді қылмыскердің ЖСН енгізу жеткілікті, экранда қажетті ақпарат пайда болады. Хаттамаларды өңдеу уақыты айтарлықтай қысқарды», - дейді учаскелік инспектор.

Тәуелсіздіктің құрдасы – тәртіп сақшысы Ринат Омаров бұл мамандықты таңдағанына өкінген емес.

«Біздің қызметте күнделікті неше түрлі оқиғалар болып жатады. Әр сәтте күтпеген жағдайға дайын болуымыз керек. Тәуелсіздіктің құрдасымын деген ой - көп нәрсеге міндеттейді. Әр іске жауапкершілікпен қарау менің қатарластарыма ана сүтімен дарыған деп білемін. Мен барша қазақстандықтарды басты мемлекеттік мерекемен құттықтаймын. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын», - дейді учаскелік полиция инспекторы Ринат Омаров.