Тәуелсіздік мерекесін батысқазақстандық тәртіп сақшылары Жастар мәдениет сарайында атап өтті
БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, мерекелік шарада департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Талғат Рахметов полиция қызметкерлерін Қазақстан Республикасының ұлық мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. «Тәуелсіз мемлекет, егеменді ел болғанымызға 20 жыл болды. Осы жылдар ішінде Елбасының сарабдал саясатының арқасында қуатты, беделді, мәртебелі, сыйлы елдер қатарынан төбе көрсеттік. Қазақстан экономиканы қайта жаңғырту арқасында үлкен жетістіктерге қол жеткізді.
Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі күнін атап өтуге ішкі істер органдары өз үлесін қосуда. Полиция органдарының құқықтық мемлекет пен демократиялық қоғам құруда атқаратын міндеті зор. Мемлекет жүйесінде сан қырлы қызмет атқара отырып, қоғамдық өмірдің көптеген әлеуметтік мәселелерін жүзеге асыруда ішкі істер органдарының қызметкерлері уақытпен санаспай, аянбай еңбек етуде. Облыстың ішкі істер органдары қылмысқа тосқауыл қоюда, облыс және қала аумағында қоғамдық тәртіпті сақтауда бар күш-жігерін салып, еңбек етіп келеді», деді Талғат Хасанұлы.
Салтанатты жиын барысында министрдің атынан қызметтік міндетін мінсіз атқарғаны үшін бірнеше полиция қызметкерлеріне төсбелгілер және грамоталар табыстады. Айталық, полиция майоры Арман Әлмұхановқа «Құқық тәртібін қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін» медалі тапсырылса, Теректі аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Рафхат Өтемісовке мерзімінен бұрын полковник шені берілді.
Тәуелсіздік мерекесіне орай волейболдан, шағын футболдан жарыстар мәреге жетіп, үздік командалар марапатталды. «Динамо» дене шынықтыру және спорт қоғамының атынан кубоктар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.