«Тәуелсіздік мерекесін өткізіп алмайынша, Жаңа жылға дайындық жұмыстарына шектеу қою керек пе?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 20 қараша. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 20 қараша, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің мәлім етуінше, кеше Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер Үкімет басшылары кеңесінің және Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Мемлекетаралық кеңесінің кезекті отырыстарына қатысу үшін Санкт-Петербор қаласына келді. «Үкімет басшылары кеңесінің отырысында еркін сауда аймағы туралы келісімнің жобасын дайындау барысы мен ТМД елдерінің инновациялық қызметтестігінің мемлекетаралық мақсатты бағдарламасының жобасын әзірлеу мәселелері талқыланды. Сол сияқты зияткерлік меншікті құқықтық қорғау, халықты сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету мәселелері де жан-жақты әңгіме арқауына айналды. Зияткерлік меншікті қорғау тұрғысында тиісті мемлекетаралық кеңес құру жайы да сөз болды. Сонымен бірге, отырыста 2011-2012 жылдарға арналған гуманитарлық қызметтестік саласындағы іс-шаралардың басымдыққа ие жоспарлары, ТМД-ға мүше елдердің өндірісін және энергия ресурстарды тұтынуын болжау мәселелері төңірегінде де кеңінен әңгіме өрбіді», деп жазады басылым. Үкімет басшысының сапары жайында егжей-тегжейлі білгіңіз келсе, басылымның сенбілік санындағы «Ықпалдастық бағытындағы жаңа қадамдар» деген тақырыптағы мақалаға назар салыңыз.

«Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кеше Португалияның астанасы - Лиссабон қаласында басталған НАТО саммитіне қатысу үшін осы елге келген болатын. Жалпы, аталған ауқымды әрі маңызы айтарлықтай халықаралық басқосуға 28 мемлекеттің басшылары мен жоғары лауазым иелері жиналып отыр», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Басты тақырып Ауғанстан болғалы тұр» деген мақаласында. Басылымның баяндауынша, НАТО алдында тұрған қазіргі кездегі қыр көрсетулердің бірі Иран болып есептелсе, ал басқосудың басты тақырыбы Ауғанстан болғалы тұр. Альянс елдерінің көшбасшылары саммитке арнайы шақырылған Ауғанстан президенті Х.Карзаймен бірге елді басқару тізгінін жергілікті билікке беру мәселесін талқылайды деп күтілуде. Сөйтіп, бүгінде 150 мың адамды құрайтын бітімгершілер күші 4 жылдың ішінде бірте-бірте ел аумағынан толық шығарылуы тиіс. Саммитте сондай-ақ НАТО мен Ресей қарым-қатынасы мәселесі қаралатыны да белгілі болып отыр.

***

«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының қонағы - қоғам қайраткері Арынбай Бекбосынмен арадағы сұхбат «Саммит - Қазақстан мерейін асқақтата түседі» деген тақырыппен жарық көрді. Басылым тілішісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген қоғам қайраткері: «Иә, Алла қаласа, желтоқсанның басында Елордамызда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың заманға үйлесімді, икемді де көреген саясатының, орасан қажыр-қайрат жұмсауының және әлемдік зор беделінің арқасында дүние жүзіндегі ең әлеуетті елдер басшылары бас қосып, күллі адамзат тағдырымен тамырлас аса өзекті де өткір мәселелерді сарапқа салғалы отыр. Соған орай қазірде қай-қайсымыз болсақ та өте бір мерейлі шақтарды бастан кешіру халіндеміз. Десек те, әдетте кез келген ұлы іс, ұлағатты оқиғалардың барша бағасы, парқы уақыт өте келе тереңірек пайымдалып, ой-санада әрі салмақтанып, әрі зорая түседі. Алдағы Саммит те сондайлар қатарына жатары еш күмәнсіз, айдан анық», - дейді.

«Елебековтің ескерткішіне бөлінген 20 млн. теңге қайда?». Осы тақырыппен «Айқын» газетінде жарияланған мақалада 2004 жылы халық әртісі Жүсіпбек Елебековтің 100 жылдық мерейтойына орай республикалық эстрада-цирк колледжінің алдына ескерткіш қою үшін сол кездегі Алматы қаласының әкімі Виктор Храпуновтың арнайы қаулысы шығып, қала қазынасынан 20 млн. теңге бөлгендігі, алайда межелі мекемеге жетпеген сол ақшаның қайда кеткені күні бүгінге дейін белгісіз болып отырғандығы жайында жазылған. Басылымның атап өтуінше, қаржы жоқ деп қол қусырып отыруды ар санаған, өнерде біте қайнасып жүрген бүкіл өнерлі азаматтар бас қосып, қайырымдылық шара өткізбекші. «Қайран, Жүсекем» деп аталатын қолына қара домбыра ұстап, дәстүрді дәріптеген әншілердің алғашқы концерті 22 қараша күні «Қазақконцерт» залында жүзеге асады. Ал эстрада өкілдері 24 қараша күні мемлекеттік цирктегі екінші концерттен түскен қаржыны тұтастай аударуға құлшыныс танытқан.

***

Келесі жылы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын атап өткелі отырмыз. Біз үшін бұл мерекенің өзге тойлардан жөні тіпті бөлек. Десек те, Тәуелсіздік күні Жаңа жыл мерекесі қарсаңындағы жан-жақты шаралардың көлеңкесінде қалып қойып жататын сыңайлы. Бұл мәселе бұрыннан бері айтылып келе жатса да, жоғарыдағы тиісті орындар тарапынан тиісті шаралар қолға алынған емес. Осыған орай «Алаш айнасы» газеті «Ой-көкпар» айдарында «Тәуелсіздік мерекесін өткізіп алмайынша, Жаңа жылға дайындық жұмыстарына шектеу қою керек пе?» деген сауалды талқыға салып отыр. Қоғам қайраткері Хасен Қожа-Ахмет пен саясаттанушы Айдос Сарымның бір-біріне кереғар пікірлерімен таныс болғыңыз келсе, басылымның сенбілік нөміріне назар салыңыз.

«Жезқазған қаласының әкімі Берік Әбдіғалиев мырза «қазір «Қазақмыс» түшкіріп қалса, барлығымыз ауыруға дайын тұрамыз» деп, ащы болса да бір шындықтың бетін ашқан болатын. Бұл бүгін туындаған әңгіме емес, қаншама жылдан бері «мыс таусылса, күніміз не болмақ?» деген ой қала тұрғындарының түн ұйқысын бұзып, үрейін ұшырып келеді. Шындығында, Жезқазғанның жерасты байлығының түгесілуіне қанша қалды? Қазақстанның қақ жүрегіндегі қала Кентау, Арқалықтың күйін кешіп, қаңырап қалмақ па?» деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Жаряиланымда жазылған жайдың байыбына барғыңыз келсе, бүгінгі нөмірдегі «Мысты қаланың мысы басылып қала ма?» деген мақаланы оқыңыз.

«ЕҚЫҰ саммитінің қонақтарын қабылдайтын елордалық мейрамханалар шұғыл түрде ас мәзірлерін қайта жазуда. Бұдан былай қазақ ұлттық тағамдарына басымдық беріледі», деп жазады «Экспресс-К» газеті. Осыған орай арнайы журналистік зерттеу жүргізген басылым бұл жайттың шындық екендігіне көз жеткізген. Ірі мейрамхана өкілдерінің атап өтуінше, шетелдіктер жергілікті ұлттық тағамдарға тапсырысты көп береді екен.