Тәуелсіздік мерекесіне орай батысқазақстандықтар мемлекеттік наградалар алды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында ел Тәуелсіздігінің 29 жылдығына орай салтанатты жиналыс болып, батысқазақстандықтардың бір тобына мемлекеттік наградалар табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тәуелсіздік мерекесімен жиналғандарды облыс әкімі Ғали Есқалиев құттықтап, осынау уақыт ішінде Қазақстанның дамыған индустриялық-инновациялық елге айналғанын атап өтті.

«Егемендік алғаннан бастап қабылданған барлық саяси және экономикалық шешімдер елдің дамуына өлшеусіз көмегін тигізді. Ауыл шаруашылығына инвестиция, сауда-саттық, денсаулық пен білім, жастар мәселесіне ерекше көңіл бөлініп, бұл бағытта көптеген істер жүзеге асты. Еліміздің экспорттық әлеуеті артып, экономикасы өркендеді. Мемлекет халықаралық шаралардың арқасында облысқа қолайлы инвестиция салды. Жиырма тоғыз жылдың ішінде ішінде өңір экономикасына 4,9 трлн теңге инвестиция құйылды. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда құрылыс түгілі, қарапайым жалақы мен зейнетақы беру басты мәселе болды. Ал биыл өңірде құрылыс жұмыстарының көлемі бірнеше есе артып, 175 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл да егемендіктің жарқын көрінісінің бірі», деді өңір басшысы.

Жиын барысында Ғ.Есқалиев ҚР Президентінің Жарлығымен марапатталған батысқазақстандықтарға мемлекеттік наградаларын тапсырды. «Құрмет» ордені Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әншісі Сәуле Таудаева, Жәнібек ауданы «Әлем» ШҚ басшысы Ескендір Елемесов және басқаларға берілсе, Бөкей ордасы ауданындағы «Көшен» ШҚ механизаторы Нұржан Ғаббасов, Бәйтерек ауданындағы «Достық» ШҚ механизаторы Николай Кондрашов, Қаратөбе ауданындағы «Мөлдір» ШҚ малшысы Тұрар Сейтқалиев, «Жайықжылуқуат» АҚ оқшаулаушысы Орынғали Оразғалиев үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Сондай-ақ бір топ адамға «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары, Қазақстан Республикасының Құрмет грамоталары тапсырылды.

Салтанатты іс-шара «Тәуелсіздік – тұғырым» атты концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.