Тәуелсіздік мерекесіне орай Тасқалада әкелерге құрмет көрсетілді

ОРАЛ. 15 желтоқсан. ҚазАқпарат - Тасқала ауданында Тәуелсіздік күніне орай әкелер слеті өткізілді.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Мейрім» қоғамдық бірлестігі ұйымдасырған шара осымен екінші жыл өткізіліп отыр.

Мерекелік шараға үлгілі отбасын құрып отырған үш буын өкілдері жиналды. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ағалар мен ұрпағын енді аяқтандырып жатқан орта буын өкілдері және енді ғана отбасын құрып, әке атанып үлгерген жас отағасылар қатысты. Кештің тізгіншісі ішкі саясат бөлімінің бастығы Айгүл Дүйсенова шараның әкелердің ел алдындағы беделін арттыруға және қоғамдағы белсенділігін күшейтуге бағытталып отырғандығын жеткізді.

Слет шымылдығын құттықтау сөзімен ашқан аудан әкімінің орынбасары Люция Жұбанышқалиева әкелердің қоғамдағы орнын мен отбасындағы рөліне тоқталып, ұлттық отбасы институтының мықтылығын тілге тиек етті.

Слетке арнайы психолог мамандар Әсия Жүсіпқалиева мен Гүлсара Шапикова қатысып, отбасы құндылықтарына арналған тренинг-ойындар өткізді. Бес топқа бөлініп, ойынға қатысқан әкелер отбасындағы отағасының маңыздылығын жан-жақты көрсетті.

Жиналғандардың барлығы да әкелер мектебін күшейтуге құлықты екендіктерін жеткізді. Отырыс барысында пікірталаста сөз алған Тасқала ауылдық округінің әкімі Ганмирлан Тұрғанәлиев аталар аманатын ардақтай білуге шақырды.

Басқосу соңында жан-жақтан жиналған әкелерге аудан әкімі атынан алғысхат табысталып, естелік сыйлықтар тарту етілді.