Онда облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жиналғандарды Қазақ еліндегі ең ұлық мейраммен құттықтап, бабаларымыз аңсаумен өткен азаттықтың ақ таңын, тәуелсіздіктің қадір-қасиетін бағалай білу қажеттігін атап өтті. Елбасының бастауымен ширек ғасырға жуық уақыт ішінде жүз жылға татитын жұмыстар атқарылды. Соның ішінде биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Конституциясының 20 жылдығы кең көлемде тойланды. Мұның бәрі қазақ халқының бірлігі арта түскендігін, Мәңгілік елге нық сенім, айқын мақсатпен бет алғандығын көрсетті. Президенттің биылғы Жолдауына сәйкес алда тұрған мақсат-міндеттерді абыроймен атқара білудің маңызы зор.
Жиын барысында өңір басшысы Елбасы Жарлығымен марапатталған бір топ батысқазақстандықтарға мемлекеттік наградаларын табыс етті. Олардың қатарында «Құрмет» орденін иеленген «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалы Орал мұнай құбырлары басқармасының қызметкері Кәрім Бердашев, Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Орал және Ақтөбе архиепископы Антоний әкей (Владимир Москаленко), «Стройкомбинат» ЖШС директоры Бақытжан Нұрбаев, «Батыс су арнасы» ЖШС директоры Асылбек Саққазов, «Еңбек даңқы» ордені берілген «Батыс су арнасы» ЖШС электр және газбен дәнекерлеушісі Алексей Болдырев, Қазталов ауданынан тракторшы Сансызбай Құрманғалиев және басқалар бар. Барлығы 37 адамға мемлекеттік марапаттар тапсырылды.