Тәуелсіздік шежіресі: 1991 жыл - Алаш жұртының арманы болған азаттық таңы атқан жыл
Бұл тарих ауқымымен алып қарағанда аз ғана мерзім. Алайда алаштың мұраты жүзеге асқан осынау қасиетті күннен бергі кезеңде мемлекеттілікті қалыптастырудың үлкен үлгісі артта қалып, жаңа Қазақстан тарихының айқын беттері ашылды. Осыдан 20 жыл бұрын Қазақстан халқының тәуелсіздігі арқасында әлем картасында жаңа тәуелсіз мемлекет - Қазақстан Республикасы пайда болды. Содан бастап тамыры тереңге тартқан баба тарихына бай, ғасырлар қойнауынан сыр шертетін мәдени мұрасы мол, жаңашылдыққа ұмтылатын экономикалық және рухани әлеуеті зор Қазақ елі әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі болып, өркениеттік дамуға өз үлесін қосып келеді. Ал Қазақстанның бүгінгі жетістігі - тұтастай қазақ халқының жетістігі.
Сондықтан да, өткен ғасырдың 1991 жылғы 16 желтоқсанында Президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңынан бастау алған тәуелсіздігіміздің әрбір жылындағы жалынды істер туралы кешегі жүрген тарихымызға тағы бір үңіліп шығу, Тәуелсіздікке тәу етумен бірдей көрінеді, біз үшін. Осыны ескере келе, «ҚазАқпарат» агенттігі «Тәуелсіздік шежіресі: Жасампаздықтың әр жылы» атты сериямен 20 жыл бойы ел болып жұмыла атқарған басты шараларға, алаш ұлы біріге бағындырған асуларға шолу жасап шығуды жөн санап отыр. Барша Қазақ елі үшін мәні де, маңызы да айрықша Тәуелсіздіктің арқасында тарихымызды түгендеп, тілімізді, дініміз бен ділімізді қайта оралттық. Мемлекеттігіміздің ұлттық рәміздері қабылданып, ұлттық салт-дәстүрімізді жандандырдық. Сондықтан да, біз үшін Тәуелсіздіктің 20 жылғы кезеңі ел тарихындағы ерекше кезең. Осы кезеңдегі атаулы жылдарға тоқталғандағы мақсатымыз да соны дәріптей түсу.
Жалпы тоқтала кететін жайт, Қазақ еліне тәуелсіздік «оңай, ешбір қантөгізсіз, жеңіл келді» дегенге саятын пікірлерді бүгінде қоғам арасынан аракідік естіп жататынмыз да шындық. Әсте бұндай пікірге келіспек емеспіз. Бұл арғысын айтпағанда күні кеше ХХ ғасыр басындағы алаш арыстарының қанымен, жылдар бойы бодандықтан арылуды аңсаған аға ұрпақтың жанымен, одан қалса 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында алаңға шыққан жастардың ерік-жігері, көз жасымен келген - Тәуелсіздік. Тіпті басқасын былай қойып, үлкен оиғаларға толы болған 1991 жылдың қиыншылықтарын қалай ұмытпақпыз? Сондықтан да, Тәуелсіздік шежіресін бастамас бұрын 1991 жылғы Кеңес одағындағы орын алған оқиғаларға біршама тоқтап өтсек.
1991 жылдың тамызындағы төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекттік комитеттің «әйгілі» әрекетінен кейін мемлекеттік думада Б. Ельцин Ресей аумағында Коммунистік партияның қызметіне тиым салу туралы Жарлығына қол қояды. Сөйтіп құр қағаз жүзінде ғана тіршілігі қалған кешегі мызғымас КСРО ыдыраудың соңғы шыңында тұрды. Ал бұндай жағдайда ең алдымен қарапайым халық қиындыққа ұшыраған еді. Бір кездегі ұлы державаның халқы - жаппай жұмыссыз қалды, өңірлерде зейнетақы мен жалақы төленбейтін бола бастады. Ұлтаралық қақтығыстар да әр жерде бой көтеріп жатты. Бұндай тұрақсыз, алдын болжамсыз тұман басқан қиын-қыстаудан шығудың бір жолы ретінде көптеген одақтас республикаларда 1991 жылдың күзінде президентік институттың, президенттік биліктің рөлі арта бастаған болатын.
Дәл осы кезеңдерде Қазақстандағы негізгі өзгерістер де бұрынғы кеңестік партиялық жүйенің орнына Қазақстанның егемендігін қамтамасыз ететін жаңа жүйені құруға бағытталған еді. Сондықтан да, қалыптасқан ахуалды сауатты саралаған ел басшылығындағы Н.Ә. Назарбаев тұңғыш рет бүкілхалықтық Президент сайлауын жүзеге асыруға мұрындық болды. Жалпы бұл идея 1991 жылғы 16 қазанда «Қазақ КСР Президентінің сайлауы туралы» Заңның қабылдануымен бірге жүзеге асқан болатын. Сол жолы қабылданған Заңға сәйкес, 1991 жылғы 1 желтоқсанда тұңғыш рет жүзеге асқан бүкілхалықтық республика басшысының сайлауы болып өтті. Сайлаушылардың 88,23 пайызы қатысқан бүкілхалықтық шарада Елбасы Н.Ә. Назарбаевты жақтап жұртшылықтың 98,78 пайызы дауыс берді. Осылайша, Қазақстан халқы сайлау арқылы Нұрсұлтан Назарбаевқа өз тағдырын сеніп тапсырғандай еді. Оның үстіне бұндай қадамның өзі шайқалып тұрған КСРО-ның тағдырына, Қазақ елінің Тәуелсіздігі туралы мәселелерде келіссөздер жүргізуге, сондай-ақ түрлі жағдайлардың алдын алу үшін мемлекеттік құрылым бойынша жедел әрі радикалды реформаларды жүзеге асыруға Президенттің өкілеттігін нығайтқан болатын. Ал 8 желтоқсан 1991 жылы Беларусь, Ресей және Украина елдерінің басшылары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құру туралы келісімге қол қойды, бұның өзі КСРО-ның нақты құлағанын білдірген еді. 10 желтоқсан 1991 жылы Жоғарғы Кеңес «Қазақ ССР-ін Қазақстан Республикасы деп атау туралы» шешім қабылдады. Ал 16 желтоқсан 1991 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі жария етілді.
1991 жыл.
- - 1991 жылы тамыз айындағы Мәскеуде өткен дүмпуден кейін, Коммунистік партия таратылып, қоғамдық мүлік билікке берілді;
- 1991 жылы 24 тамызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Ағымдағы жағдайды бағалау және Республика егемендігін нығайту шаралары туралы» Қаулы қабылдады;
- 1991 жылдың 29 тамызында Қазақ КСР Президентінің «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлығы шықты. Қазақ жерінде 40 жылдан астам уақыт бойы сынақ жүргізілген ядролық қаруға нүкте қойылды. Елбасының осы тарихи шешімі, батыл қадамы бүгінде дүние жүзіне мәлім тарихи фактіге айналды. Ал былтыр Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Қазақстан Президентінің ұсынысын мақұлдап, 29 тамызды Халықаралық ядролық қару-жараққа қарсы күрес күні деп жариялады.
- 1991 жылдың тамыз-қазан айларында Президенттің Жарлығымен мынадай қайта құрулар болды: прокуратура, мемлекеттік қауіпсіздік, ішкі істер, әділет және сот органдары бөлінді. Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды. Одаққа бағынышты кәсіпорындардың Қазақ КСР үкіметінің қарамағына түбегейлі өтіп, республикада алтын қоры мен Алмас қоры, т.б. құрылды;
- 1991 жыл 2 қазан - Әубәкіров Тоқтар Оңғарбайұлы - қазақтың тұңғыш ғарышкері осы күні Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты;
- 1991 жылы 16 қазанда - «Қазақ КСР-інің Президентін сайлау туралы» Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Заңы қабылданды;
- 1991 жылы 1 желтоқсанда - Қазақ КСР-інің Президентін сайлауы өтті. Сайлау нәтижесі бойынша дауыс беруге қатысқандардың 98,78 пайыз дауысына ие болған Н.Ә.Назарбаев Республика Президенті болып сайланды;
-1991 жылы 10 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту туралы» Заңын қабылданды. Осы заңға сәйкес жаңа құрылған тәуелсіз мемлекет Қазақстан Республикасы деп аталды;
- 1991 жылы 12 желтоқсан күні - «Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-індегі оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы қабылданды;
- 1991 жылы 16 желтоқсан күні - «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Осы күні 1991 жылы желтоқсанның 16-сында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды. Осыдан 45 минут өткен соң Түркия Республикасы бірінші болып Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін таныды. Осылайша әлем картасында Тәуелсіз Қазақстан атты жаңа мемлекет пайда болды. Оның тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. Сөйтіп Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің ХV пленумы қабылдаған шешім қазақ қоғамына түбегейлі өзгерістер енгізді;
1991 жылғы 17 желтоқсан Қазақстан Республикасының Демократиялық жаңғыру күні болып жарияланды;
- 1991 жылы 20 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Қаулысы қабылданды;
- 1991 жылы «Қазақстан Республикасының Кеден комиссиясын қалыптастыру туралы», «Қазақстан Республикасындағы 1992 жылғы шаруашылық байланыстарды ұйымдастыру туралы», «Қазақстан Республикасындағы халықты әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары туралы» бірқатар ҚР Президентінің Жарлықтары шықты.
- 1991 жылы 21 желтоқсанда Алматы қаласында бұрынғы КСРО құрамына енген он бір тәуелсіз мемлекет басшылары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құру туралы Алматы Декларациясына қол қойды. Сөйтіп, ТМД-ға мемлекеттік тәуелсіздік, тең құқылық және егемендік қағидаттарымен кіру туралы шешім қабылданды;
- 1991 жылғы желтоқсанда Алматыға қысқа мерзімді жұмыс сапарымен АҚШ мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер келіп кетті;
-1991 жылдың соңында Ресей Федерациясы Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігін таныды.