«Тәуелсіздік толғауы» байқауының ең үздік шығармалары республиканың жетекші театрларында қойылады - Мәдениет министрлігі

None
АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат - 9 желтоқсанда К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында ІІ Республикалық «Тәуелсіздік толғауы» конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді,

деп хабарлайды Мәдениет министрлігінің баспасөз қызметі.

Опера және драмалық жанрлардағы ең үздік шығармалар республикадағы жетекші театрларда қойылу мүмкіндіктерін алады. Конкурстың жеңімпаздары дипломдар мен ақшалай сыйақымен марапатталады.

Марапаттау рәсіміне Қазақстанның көрнекті мәдениет және өнер қайраткерлері қатысады деп күтілуде.

Конкурс жылдың басында жарияланған болатын. Ол ең үздік опералық шығарма, ең үздік драмалық шығарма, ең үздік заманауи тақырыптағы ән, хорға арналған ең үздік шығарма, оркестрге арналған ең үздік көлемді шығарма аталымдары бойынша өткізілді.

Кеште музыкалық-сахналық өнерін қамтитын барлық жанрдағы концерт өтеді.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, онда Талғат Күзембаев, Болат Жомартов, Ерлан Біләл, Маржан Арапбаева және басқа да жеке орындаушылар, сондай-ақ К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының симфониялық оркестрі мен хоры, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театры, Қазақ ұлттық өнер университетінің «Илигай» балалар хоры өнер көрсетеді.

«Конкурстың басты мақсаттары: республикамыздың опералық, драмалық театрлар мен концерттік ұйымдарының репертуарларын Тәуелсіздік Қазақстанның жетістіктерін бейнелейтін отандық авторлардың шығармаларымен толықтыру; композиторлар мен драматургтерге қолдау көрсету және оларды жоғары көркемдік шығармаларды жазуға ынталандыру; отандық авторлардың шығармаларын көпшілікке таратуға жағдай жасау және оларды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау; отандық орындаушылардың шығармашылық мүмкіндіктерін кеңейту және шеберлігін арттыру», - делінген хабрламада.