«Тәуелсіздік толғауы» республикалық байқауы жүлдегерінің ән-термелер жинағы жарық көрді

АЛМАТЫ. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Белгілі әнші, сазгер, ақын Естай Әлікеевтің «Әзірге айтарым» деп аталатын ән-термелер жинағы жарық көрді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өнерге алғаш қадам басқан жылдары «Тағдырым мені кешірші» деген атпен үнтаспам жарық көрген еді. Бірақ қазір қолымда оның бір де біреуі жоқ. Сондықтан жаңа туындыларымды қосып, қайта басып шығаруды жөн санадым. Ал альбомның атауына тоқталсам, бұл менің жаңа термемнің бірі ғана емес, тыңдармандарыма әзірге ұсынған тартуым, бұдан кейін де жалғасы болады деген ниеттен туған», дейді Естай Әлікеев. Автордың айтуынша, жинаққа «Әзірге айтарым», «Бала қасіреті», «Бисимиллә деп бастайын», «Жақсы-жаман», «Сақта, Құдай», «Жаса, мәңгі қазағым», «Қарттарым» сияқты 15-ке жуық әндері мен термелері, сондай-ақ «Тұлпар уақыт», «Желтоқсан», «Жырлаумен сені өтермін», «Шер» өлеңдері енген. Бұл Естайдың тек домбырамен орындалған алғашқы ән жинағы. Бұған дейін әнші эстрадалық бағытта бірнеше альбом шығарған болатын.

Үлкен сахнаға ол алғаш рет «Күлкі керуені» әзіл-сықақ театрында «Үзілді арман» деген әнімен шыққан болатын. Өнер жолындағы 10 жылдық шығармашылық жұмысының есебі ретінде былтыр қарашаның 1-і күні Республика сарайында «Жүрегім - сазды сандығым» деп аталатын алғашқы ән кешін өткізген өнерпаз онда «Ән-жүрегімде» деп аталатын ән жинағының тұсауын кесті. Ал биыл ақпанның 11-і күні Астанада өткен І Республикалық «Тәуелсіздік толғауы» байқауында «Ең үздік қазіргі заман әндері» аталымында жүлдегер болды.