Тәуелсіздік тойы: Елді ерлігімен сүйсіндірген ерлер еленді (ФОТОРЕПОРТАЖ)

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік күні қарсаңында Астана мен Алматы қалаларында ерлік пен батылдық танытқан қазақстандықтарға наградалар табыс етілді.

Алматыда қылмыскерлер кепілге алған кәсіпкердің өмірін арашалап қалған полицей ІІ деңгейлі Айбын орденімен марапатталды. Полиция капитаны Елдос Әбдірахымов ІІ деңгейлі «Айбын» орденін Астанада Мемлекет басшысының қолынан алды.

Айта кету керек, алматылық полицей аса ауыр қылмысты ашуға септігін тигізген.

Желтоқсан-Шевченко көшелерінің қиылысында бір бағыттық көшемен қарама-қарсы жүрген «Тойота Камри» көлігі полицейлердің күдігін туғызған. Полицияның «тоқта» деген әмірін қаперге ілмеген ол басқа бағытта қаша жөнелген. Құқық қорғаушылар күдіктіні Пушкин көшесінің бойындағы аулалардың бірінен ұстаған.

Көліктің ішінен соққыға жығылған ер адам табылды. Кейін анықталғандай, ол адамды қаскөйлер осыдан бірнеше минут бұрын үйінен ұрлап әкеткен.

Ер адам кәсіпкер болып шықты. Ұрылар оның жақындарынан 1 млн. доллар бопсаламақ болған.

Ақмола облысында анасы мен 4 баланы өрттен аман алып қалған облыстық ІІД жол-патрульдік полиция батальонының қатардағы бөлімшесінің қызметкері «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Еске сала кетсек, биылғы жылдың 10 қыркүйегінде полицияның кіші сержанты Данияр Аманжолов өртеніп жатқан үйдің ішіне терезесін бұзып кіріп, анасы мен төрт баланы сыртқа алып шыққан.

Оңтүстік Қазақстан облысында 4 әйелді судан құтқарып алып шыққан марқұм Асылбек Елмұратов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Еске сала кетейік, «Нива» көлігі бұрылыстардың бірінде «Газалкент» өзеніне құлап кеткен болатын. 40 жастағы А.Елмұратов көлік ішіндегі адамдарды құтқару үшін ойланбастан суға секірді. Нәтижесінде ол өзен астындағы көліктен 4 әйелді алып шықты, бірақ өзі су ағысына төтеп бере алмай, батып кетті.

Астанада ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов ағымдағы жылдың күзінде әскери міндетін орындау кезінде қайтыс болған әскери қызметшілердің ата-аналарына мемлекеттік наградалар табыстады.

Ұлан қатарындағы жауынгері Асылжан Махамбетов, ұлан қатардағы жауынгері Замир Әділов, ұлан қатардағы жауынгері Бауыржан Жолдыбай және ұлан қатардағы жауынгері Бағытжан Қалыбай «Ерлігі үшін» медальдарын иеленді.

Естеріңізге сала кетсек, қайғылы оқиға Ақтауда 18 қыркүйекте «Орталық-2015» оқу-жаттығуының 2-кезеңін өткізу кезінде орын алды. Оқу-жаттығу барысында 4 әскери қызметші суға батып кетті. Бүгінгі күні тергеу әлі жалғасуда.

Алматыда әскери қызметшілер - кинолог Арман Әлімбетов пен жасақ жетекшісі Руслан Сердалиновты «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» кеуде белгісімен наградтау үшін Ұлттық ұлан Бас қолбасшысына жеделхат жолданды. Олар Іле ауданында жоғалып кеткен 20 жастағы Айзада Авлатарованы табуға үлкен септігін тигізген болатын.