ТӘУЕЛСІЗДІК ТУРАЛЫ ПІКІР: Бақ бағалағанның басында тұрар - Ж.Жақсығалиев, тарихшы, БҚО
Оның айтуынша, текті болмысты терең тарихы бар халқымыздың ұлттық иммунитетінің қатты әлсірегені болмаса, сөз жоқ, Елбасы атап көрсеткендей, қазақ халқы - ұлы халық! Басқасын айтпағанда, өткен ғасырда тарихтың теперіші, тағдырдың тәлкегімен қазақ жерін паналаған қаншама ұлттар мен ұлыстарды қанатының астына алып, бауырына басқан - бала-шағасының аузынан жырып, бар тәттісін солардың аузына тосқан қазақ халқының кеңпейілділігі мен мейірімділігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін бе?!
Соңғы ширек ғасырға жуық уақыт аузымыздан түспейтін Тәуелсіз Қазақстан деген қасиетті әрі киелі сөздің мағынасына терең бойлау үшін біз мына нәрсені мұқият саралауымыз керек. Біз азаттығымыздан, тәуелсіздігімізден, бостандығымыздан қашан және қалай айрылып қалдық? Оған итермелеген қандай себептер? Тарих бізге осылардан сабақ, тағылым алу үшін керек. Ол үшін сол бір тарихи кезеңге қысқаша барлау жасайық.
ХҮІІІ ғасырдың басы - халқымыздың азаматтық тарихындағы қыры мен сыры көп аса бір күрделі кезең. Нақ осы кезеңде бір ру емес, бір тайпа емес, бір ұлыс емес, тұтас бір ұлттың тағдыры қыл үстінде тұрды. Тарихи деректерге сенсек, Қазақ хандығының арғы-бергі тарихында дәл осындай халықаралық жағдайдың шиеленіскен кезі бұрын-соңды болған емес.
Саяси тұйықтан шығудың өзіндік жолын іздеген Кіші жүз ханы Әбілқайыр қазақ даласында болып жатқан сан алуан қысым мен қысастықтың артында Петербор сарайы тұрғандығын сұңғыла саясаткер ретінде дер кезінде байқап, елді сақтап қалу, елдікті сақтап қалу, мемлекеттілікті сақтап қалу жолында Ресеймен жақындасуға мәжбүр болды. Ашып айтсақ, бұл қазақ жасағының бас сардары Мұхаммед Қазы баһадүр Әбілқайыр ханның дипломатиялық айласы болатын.
Бір қызығы, тәуелсіздік үшін күрес, азаттықты аңсау сол Әбілқайыр ханның кезінен басталып Д.А.Қонаевқа дейін жалғасты. Өмірінің соңғы жылдарында ұлт-азаттығы жолында Ресей шекараларының әбден мазасын алып, берекетін кетірген Әбілқайыр - орыс ұлықтарының айдап салуымен өз қандасының қолынан мерт болса, қырық жылдай ел билеген Д.А.Қонаев Кремльдің 18 минуттық жиналысының шешімімен биліктен шеттетілді. Мұндағы айтпағымыз не?
Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз еңбегінде былай дейді: «1980 жылдың басындағы бір оқиға ойыма келеді. Біз бірде оның (Д.Қонаевтың - Ж.Ж.) ұшағымен республиканың күнгейінен теріскейіне бардық. Кенет мені қасына шақырып алып: «Біздің республикамыз қандай үлкен! Шіркін, өз алдымызға дербес мемлекет болсақ қой», - деп сыбырлап, саусағымен аузын басты. Мұндай нәрселерді ол ылғи, әуелі, ұшақта да сыбырлап айтатын» (Н.Назарбаев. Ғасырлар тоғысында. Алматы, 1996, 47-б.). Бұлай, іштен тынудың астарында, ұлтын сүйген асыл азаматтың азаттықтың ақ таңын аңсап, зарығып, күту сезімі жасырынып жатқанын түсіну қиын емес.
Мұндай мысалдар қазақ тарихында жетіп артылады. Осы ретте, Азаттық үшін күресте ат үстінде шаһит кеткен тағы бір күрделі тағдыр иесі һәм қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы. Ең бір өкініштісі, қазақтың Кенесарыдай сайыпқыран саңлақ ұлының ғазиз жаны, ғазиз басы, ғазиз рухы әлі тыныштық тапқан жоқ.
Иә, Елбасы атап көрсеткендей, бұл күн - тарихи әділет салтанат құрып, азаттық үшін төгілген өлшеусіз қанның өтеуі қайтқан ұмытылмас күн!
Тәуелсіздік - тарихтың сыйы немесе бүгінгі буынның меншігі емес. Ол - өткен бабалардың алдындағы қасиетті борыш және келешек ұрпақтың алдындағы зор жауапкершілік.
«Ә.Кекілбаевша айтсақ, «Мынау өліп-талып келген тәуелсіздікті ақымақ иттің алдына қойған ас сияқты төгіп алатын болсақ, ертең біздің күніміздің не болатыны әлі белгісіз». Атам қазақ «Бақ бағалағанның басында тұрады» дегенді бекер айтпаса керек. Мұны біліп, ұрпағының құлағына құйған қазақ - Ұлы халық!», деп түйіндеді ойын Ж.Жақсығалиев.