Тәуелсіздік жылдары Қарағанды облысының жалпы өңірлік өнімі 585 есеге артып, 2 трлн. теңгеге жетті

None
АСТАНА. 23 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қарағанды облысын еліміздің ірі өнеркәсіп өңірі, қуатты индустриялық орталығы деп атауға толық негіз бар.

Тәуелсіздік жылдары облыстың жалпы өңірлік өнімі 585 есеге артып, 2 трлн. теңгеге жетті, деп хабарлады pm.kz сайты.

Соңғы 20 жылда өнеркәсіп өнімінің өндіріс көлемі 3,7 есеге артты. 2010 жылы жеке көлем индексі 105,9 пайызды құрады. Өнеркәсіптік өнім көлеміндегі айтарлықтай үлес өңдеуші өнеркәсіпке тиесілі. Жалпы алғанда, Тәуелсіздік жылдары өндірістік сала көлемі 3,6 есеге артқан. Өңдеуші өнеркәсіптік негізгі үлесі металлургия саласына келеді, оның үлес салмағы 2010 жылы 81,1 пайызға дейін көбейген.

Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің көлемі 1991 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 9,9 есеге ұлғайып, 82 млрд. теңгені құрады. 2010 жылы ауыл шаруашылығы саласында 1475 жұмыс орны ашылған.

Тәуелсіздік жылдарында аймақ экономикасына 1547,3 млрд. теңге инвестиция салынды. 1993 жылмен салыстырғанда 2010 жылы құйылған инвестиция мөлшері 243 есеге артқан. Облыста еліміздің жүйе құрушы кәсіпорындары болып табылатын «АрселорМиттал Теміртау» мен «Қазақмыс Корпорациясы» нысандарында ірі жобалар жүзеге асырылды.

Шағын және орта бизнестің дамуы аймақтық экономиканың артуының маңызды факторы болып табылады. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2,3 есеге (1997 жылы - 19116, 2010 жылы - 44138), шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыс істейтін халық саны 2 есеге (1997 жылы - 98076 адам, 2010 жылы - 205248 адам) көбейген.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында бизнес-жобаларға қолдау көрсету нәтижесінде Қарағанды облысында 5903 жұмыс орны сақталып, 1022 жаңа жұмыс орны ашылды. Экспортқа бағытталған өндірістерді қолдау таяу және алыс шет елдерге экспортталатын тау-шахта құрылғылары, металл өнімдері, сантехникалық бұйымдар және тағы да басқа экспорт өнімдерінің көлемін арттыруға мүмкіндік береді.