Тәуелсіздік жылдары Қазақстан халқы 427 мың адамға өсті

АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік жылдары Қазақстан халқы 427 мың адамға өсті. Бұл туралы Бүгін ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.

«Соңғы 20 жылда Қазақстандағы демографиялық ахуал түбегейлі өзгерді. 1992 жылы басталған халық санының төмендеу үдерісі 2002 жылы аяқталды. Тәуелсіздіктің алғашқы он жылында халық саны 1,6 миллион адамға төмендеді. Бұл ең бірінші халықтың кейбір бөлігінің өздерінің тарихи отандарына оралуЫна, өтпелі кезеңде өлім-жітімнің көп болуы мен туудың төмен деңгейіне байланысты болды», - деді ол.

Агенттік төрағасының айтуынша, 2002 жылдан бастап халық саны өсімінің тұрақты үрдіске айналған. Ол ең біріншіден табиғи өсімге, екіншіден 2004 жылы басталған көші-қон өсіміне байланысты қалыптасқан.

«Қорыта келгенде тәуелсіздік жылдарында еліміздің халық саны жалпы 427 мың адамға немесе 2,6 пайызға артты», - деді Ә.Смайылов.