Тәуелсіздік жылдарында Қызылорда облысында 300 шақырым электр желілері жаңартылды

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік жылдарында Қызылорда облысының энергетика саласында да сүбелі жетістіктерге қол жеткізілді. Облыс көлемінде 300 шақырымнан аса электр желілері жаңартылып, 90-ға жуық қосалқы станциялар орнатылды,-деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі облыстық әкімдікке сілтеме жасап.

Бұл өз кезегінде тұрғындарды сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, облыс орталығы - Қызылорда қаласы мен 4 аудан орталығы газдандырылып, Сыр бойы тұрғындарының 63 пайызы «көгілдір отынның» игілігін көруде.

Оған қоса ағымдағы жылы «Қызылорда жылу электр орталығы» мен «Қазалы-Теміржолжылу» кәсіпорындары біріктіріліп, облыстың басқаруына берілетін болды. Жылу беру кәсіпорындарын оңтай¬ландырудың бір нәтижесі «Қазалы-Теміржолжылу» мекемесі «Қызылорда Жылу-Электр Орталығы» кәсіпорнының құрамында биыл алғаш рет Үкімет резервінен мазут алды.

Сондай-ақ, аталған мекеме «Қызылорда Жылу-Электр Орталығының» филиалы ретінде Еуропалық қайта құру және Даму банкінен кәсіпорынды қайта жаңғырту мақсатында несие алу мүмкіндіктері қарастырылатын болады.