Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған мәлім етті.
«Кейбір тілшілер Тәуелсіздік жылдарындағы тарихты соншалықты зерттеу қажет пе?, - деген сауалдар қойып жатады. Мемлекет үшін 22 жыл, әсіресе, қазіргі заманда аз кезең емес. Атап айтқанда, дәл осы жылдары Қазақстанда керемет әрі үлкен өзгерістер болды»,- деп тоқталып өтті ғалым.
Тәуелсіздік жылдары елімізде терең реформалар жүргізілгеніне тоқталған Б. Аяған: «Астанамыз ауысты және басқа елеулі оқиғалар болды. Яғни, осындай керемет үлкен жаңалықтарды неге көрсетпеске, неге зерттемеске?»,- деді.
«Бірақ, Тәуелсіздік жылдарын зерттеген кезде біз тек жақсы жағын ғана емес, сонымен қатар экономикалық реформа кезіндегі, әсіресе, 90-жылдардағы жұрттың қиналғаны туралы, басқа де елімізде болған кемшіліктер жайында ашық айтуға тырысамыз. Және ол біздің жазған кітаптарымызда бар»,-деді институт директоры.