Тәуелсіздіктен бері қарай мектептен тыс мекемелер саны 3 есеге азайып кетті - М. Айсина

АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - Тәуелсіздіктен бері қарай мектептен тыс мекемелер саны 3 есеге азайып кетті.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Майра Айсина осылай мәлім етті.

«Сабақтан тыс мезгілде балалардың көпшілігі қараусыз қалып, уақыттарының басым бөлігін көшеде өткізіп жататыны айқын. Осының өзі жасөспірімдер арасындағы қылмыстардың өршуіне, кәмелетке толмағандар арасындағы маскүнемдіктің, нашақорлықтың тарауына ықпал ететіні белгілі. Ендеше қазіргі таңда қалыптасқан жағдайды жақсарту үшін балалар мен жеткіншектерге арналған мектептен тыс тәрбие мен қосымша білім беру жүйесі дәстүрлерін қайта енгізу  қажет деп санаймын», - дейді депутат.   

Оның айтуынша, 1991 жылы Қазақстанда 1727 мектептен тыс мекеме жұмыс істеген болса, бүгінгі күні олардың саны 3 есеге азайған.

«Сондықтан да, 2012-2016 жылдарға арналған қосымша білім беруді дамыту бағдарламасын даярлау мүмкіндігін қарауды өтінемін», - дейді М. Айсина.