Тәуелсіздікті нығайтуда діннің рөлі жоғары - Жарас Ермекбаев

АЛМАТЫ. 25 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кавказ бен Орталық Азия елдерінің халқы негізінен ислам дінін тұтынады. Бұл олардың арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынасты дамытуда маңызды рөл атқарады. Оны тарихшы Жарас Ермекбаев бүгін Алматыда өтіп жатқан "Кавказ және Орталық Азия тәуелсіздіктен 20 жылдан кейін: "Оңтүстік" түсінігін қайта ойлау" деп аталатын халықаралық конференция кезінде айтты.

"Кеңестік дәуірдегі қуғын-сүргін мен күштеп қоныс аудару кезінде Кавказдан балқар, қарашай, шешен сияқты бірқатар халықтар Қазақстанға табан тіреді. Ділі, тілі бөлек өзге ұлыс өкілдерімен өзара қарым-қатынаста ислам діні үлкен рөл атқарды. Сондықтан олардың көпшілігі әлі күнге дейін Қазақстаннан ешқайда табан аудармай, өз тіршілігін одан ары жалғастыруда", - дейді Рамазан Сүлейменов атындағы шығыстану инстиутының қызметкері, тарих ғылымының докторы Жарас Ермекбаев. Оның пайымдауынша, кез-келген мемлекеттің қалыптасуы мен дамуында діннің рөлі өте зор. Жаһандану дәуірінде адамдар бір-біріне дін арқылы жақындасады. Әрине, оның өзіндік қауіп-қатерлері де бар. Өмір онсыз болмайды. Жалпы дін жолын берік ұстанатын адамдар ешқашан лаңкестік пен бөлінушілікке жол бермейді. Сондықтан оны дінмен байланыстыруға болмайды.