«Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында кем дегенде 20 қаланың байырғы атауын қайтарса...» - республикалық басылымдарға шолу

ТАНА. 6 қазан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 6 қазан, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Қанат Сауда­баев­тың төрағалық етуімен Қа­зақ­стан Республикасы Тәуел­сіз­дігінің 20 жылдық мерей­тойын өткізу жөнін­де­гі Мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы болып өтті. Осы алқалы жиын арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Мерейтойлық жылдың жауапкершілігі» деген тақырыппен жарияланды. Басылымның атап өтуінше, тоғыз ай бойына елімізде қы­руар жұмыстар атқарылды. Ас­танада және барлық өңірлерде мыңнан астам іс-шаралар мен түрлі деңгейдегі жұмыстар жү­зе­ге асты. Бұларды өткізуде жастар, ғылым және шаруашылық өкілде­рі, эконо­миканың өнеркә­сіп және ауыл шаруашылығы сек­торлары, үкімет­тік емес ұй­ым­дар мен қоғамдық қозға­лыс­тар белсенділікпен атса­лыс­ты.

«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың президенті Асқар Маминді қабылдады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның жазуынша, А.Мамин Президентке «Қазақстан темір жолы» АҚ-тың ағымдағы қызметі жай­лы және ірі инвестициялық жоба­лар­ды іске асыру барысы туралы хабарлады. «Мен Мемлекет басшысына ком­пания­ның 9 айдағы қызметінің қоры­тын­дылары ту­ралы баяндадым. Барлық жоспар артығымен орындалуда. Негізгі өндірістік көрсеткіштер асыра орын­да­луда. Биылғы жылы ком­па­ния­ның таза пайдасы 90 млрд. теңге мөлшерінде бо­ла­ды деп күтілуде. Бірқатар ірі ин­вести­ция­лық жобалар іске асырылуда», - деді А.Мамин журналистерге арналған брифингте.

***

Ет өндірісі қай уақытта болса да еліміздің ауыл шаруашылығындағы негізгі және басым бағыттардың бірі болып келеді. Кеңес Одағы заманында Қазақстанда мал шаруашылығы қарқынды жолмен дамыды. Тіпті біздің жалпыодақтық қорға ет өнімдерін негізгі жеткізушілердің бірі болғанымыз да рас. Ал тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстандағы мал шаруашылығының даму барысын үш кезеңге бөлуге болады. Бұл жайында толығырақ ақпарат алғыңыз келсе, «Айқын» газетінің бүгінгі нөміріндегі «Ауылды көтерудің бір жолы - ет нарығын дамыту» деген тақырыптағы мақалаға көз жүгіртіңіз.

Бокстан Әзірбайжанның астанасында өтіп жатқан әлем чемпионатында мықтылар мен осалдардың ара-жігі ажырады. Бабы мен бағы қатар шапқандар жарысты жалғастыруда. Жарты жолға жетпей сүрінгендері көрермендер қатарын қосылды. Ең бастысы, қазіргі кезде 2012 жылы Лондонда алауы тұтанатын Олимпиада ойындарына қатысатындар белгілі болды. Бірақ бұл дерекке қарап, «енді жарыстың қызығы кемиді» деген ой туындамауы керек. Иә, Олимпиада жолдамасының иегерлерінің есімдері белгілі болғаны рас. Алайда әлем чемпионатында кімдер жеңімпаз атанып, кімдер жүлдегерлер санатына қосылатыны әлі анықталған жоқ. Алда - жартылай финал мен ақтық айқас. Ал жеңісті жолдарын жалғастырып келе жатқан қазақ боксшылары жайында «Айқын» газетінің бүгінгі нөмірінен оқып білесіздер.

***

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарасбай Сүлейменовпен арадағы сұхбат «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында кем дегенде 20 қаланың байырғы атауын қайтарса...» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген халық қалаулысы: «Біз ұлттық құндылықтарымызды бағалап, халықтың игілігіне жарата білуіміз керек. оның ауқымы өте кең. Ұлы даланың төсіне ұлы мемлекет құрамыз десек, Алаш арыстарының өмірі мен шығармашылығына, солар қалдырған мұраға көп арқа сүйеуіміз керек. Соны басшылыққа ала отырып өмір сүріп, бүгінгі ұрпақты сондай еркіндік рухында тәрбиелеу қажет», - дейді.

«Біреу өлмей, біреуге күн жоқ... Шымбайға батса да, шындықтың аты - шындық. Ерік берсе, ауаны да сатып ақша жасағысы келетін қуаяқтар енді бүгін адамды өлімге итермелеу кәсібіне кірісіпті», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Басылымның атап өтуінше, ол үшін әлгі қуаяқтар арнайы сайттар ашып алған. Онда «мойынға арқан сал да, өле қал емес, өліп жатып та қалай әдемі болып қалудың түрлі-түрлі тәсілдерін көз алдыңызға жайып салады. Мақала «Суицид жәрмеңкесі немесе әзәзіл сайттардан қалай сақтануға болады?» деген тақырыппен берілген.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев ЕурАзЭҚ-­тың Бас хатшысы Тайыр Мансұровты қабылдады. Т.Мансұров Мемлекет бас­шы­сына ЕурАзЭҚ-тың қызметі ту­ра­лы және Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үдерістерді дамы­тудың серпіні жайлы хабарлады. «Мемлекет бас­шысы ұсынған жоба бүгінде жүзеге асырылуда. Бұл - Кеден одағы, Бірың­ғай эконо­микалық кеңістік, және бола­шақ интеграция, бірегейлендіру, ва­лю­­та­лық одақ құру. Сондықтан біздің ЕурАзЭҚ жөніндегі жұ­мыс­тарымыз кездейсоқтық емес, ол бәрінен бұрын, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың жобасы болып табы­лады», - деді Т.Мансұров журналистерге арналған брифингте.