***
«Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астананың Успен кафедралды соборында болып, шіркеуге келгендерді және барлық қазақстандық православие дінін ұстанушы христиандарды Рождество мерекесімен құттықтады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік нөміріндегі «Рождество - сүйіспеншілік пен рақымшылық мерекесі» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, елордадағы Кафедралық соборға келген Елбасы Н.Назарбаевты митрополит округінің іс басқарушысы епископ Геннадий қарсы алды. Мемлекет басшысы өзінің сөзінде православиені ұстанушы барлық отандастарымызды сүйіспеншілік пен бейбітшілік және рақымшылықты уағыздайтын Рождество мерекесімен құттықтап, денсаулық, отбасылық бақыт пен елге амандық тіледі. Одан әрі биылғы Рождествоның Успен кафедралы соборы сияқты өте көрікті, сәулетті және Орталық Азиядағы ең үлкен христиан соборында қарсы алынып отырғанын атап өтті. «Біз барлық дәстүрлі және әлемдік діндерді тұтынушыларды сыйлау және өзара төзімділік сақтау саясатын жүргізудеміз. Соның арқасында біздің елімізде келісім, достық, тыныштық пен бейбітшілік сақталуда. Ал олар Қазақстанның күннен күнге дамып, халқымыздың тұрмыс дәрежесінің жылдан жылға жақсаруына септігін тигізіп отыр. Тіпті осы саясатымыздың арқасында бізді дүние жүзі де сыйлап, құрмет көрсетуде. Біз осы құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтауымыз керек және оны болашақ ұрпаққа аманаттауымыз керек», - деді ҚР Президенті.
«Егемен Қазақстан» газетінің 8 қаңтар күнгі нөмірінде «Шәкәрім» симфониясының Лондондағы тұсаукесері» деген тақырыппен мақала басылды. «Дала данышпаны атанған Шәкәрім қажының осыдан үш жыл бұрын аталып өтілген 150 жылдық мерейтойы «бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп ақынның өзі айтпақшы, рухани тұрғыдан алғанда бұрынғы тойлардан өзгеше сипатта өткен болатын. Соның айғағындай, сол шақта ақын мерейтойына арналған үкіметтік шаралардан тыс басқа да игілікті істер молынан атқарылып жатты», - деп жазады басылым. Лондонда өткен «Шәкәрім» симфониясының тұсаукесер кеші жайында мол ақпарат алғыңыз келсе, басылымның сенбілік санын жіберіп алмаңыз.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Жоғарғы палатаның жалпы отырысында Парламент Сенатының депутаты Қуаныш Сұлтанов бір топ әріптестерінің атынан Премьер-Министр Кәрім Мәсімовке сауал жолдаған. Халық қалаулысының депутаттық сауалында: «Жақында Қазақстанның гандболшы қыздары Азия чемпионатында жеңіске жетіп, көрермендерді қуантты. Өкінішке қарай, олардың құрметіне Әнұран орындалғанда, жеңімпаз қыздар қатар тұрып, заңның талабына сәйкес, не Туға мойын бұрмады, не қолдарын жүрек тұсына қоймады. Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалған сәттегі сурет баспасөзде жарияланды. Онда Дәулет Тұрлыханов, тағы басқа екі адам ғана қолдарын кеудесіне қойды, ал қалған 23 аспортшы өз беттерінше қарап тұр. Бұл жағдай, әсіресе, қазақ елінде өтетін қысқы Азиада ойындарының қарсаңында көпшілік көңілін алаңдатары хақ. Жас ұрпақты, жас спорт шеберлерін отаншылдыққа, өз Отанының патриоты болуға қалай тәрбиелемекпіз?», - делінген.
Алматы облысының әкімдігі мен Алматыдағы «Гүлзар» қоғамдық бірлестігі бірлесе отырып, ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесіне орай, облыс көлеміндегі әр ауылдық округте 20 мың ағаш отырғызу туралы игі бастама көтеріп отыр. Бұл жайында «Айқын» газетінің 8 қаңтар күнгі нөміріндегі «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына - 20 мың ағаш!» деген мақалада кеңінен баяндалған. «Бұл бастаманы Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов мырза өзі бас болып, жан-жақты қолдады. Сөйтіп, біз жаңа жылда осы облыстағы ауылдық округттерге тәуелсіздіктің 20 жылдық торқалы тойы қарсаңында, олардың әрқайсысында 20 мың тал-дарақ егейік деген ұран тастадық. Алла бұйыртса, үстіміздегі жылы көктемде осындағы әрбір округтің басшылары мен тұрғындары бір кісідей атсалыса отырып, елді мекендерде кем дегенде 20 мың ағаш отырғызуды қолға алмақ. Бір қуантатыны, бұл іске облыс көлеміндегі барлық әкімқаралар, әкімдік қызметкерлері қол ұшын беріп, әрқайсысы жеке-жеке көшет отырғызуға бел байлап отыр. Бұл - келешек ұрпақтың таза ауада ауру-сырқаусыз, аман-есен өмір сүруі үшін өте қажет. Егер біз ертеңімізді бүгіннен ойлмасақ, онда кеш болады. Міне, сондықтан да біз маңызды іске бел шеше кіріспекшіміз, - дейді «Гүлзар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «Гүлстан» журналының бас редакторы Гөзел Әліпбекқызы.
***
«Үкімет Павлодар облысында арнайы экономикалық аймақ құрады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті «Регион особого назначения» деген тақырыппен жарық көрген мақаласында.
Басылым өткен жылғы желтоқсанның соңында өткен Үкіметтің селекторлық отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің Павлодар мен Алматы облыстарында арнайы экономикалық аймақ құрылатын хабарлағанын еске салған.
***
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев республикалық референдум шақыру туралы Парламент ұсынысын қабылдамады», деп жазады «Литер» газеті сенбілік нөміріндегі «Народ требует» деген мақалада.
Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды республикалық референдумға шығару туралы Қазақстан Республикасы Парламентінің ұсынысын қабылдамау туралы Жарлыққа екі күн бұрын қол қойылды. Бұл құжат кеше республикалық басылымдарда жарық көрді. Дегенмен бұған қарамастан 2020 жылға дейін Тұңғыш Президенттің өкілеттігін ұзарту туралы мәселені қарастыру жоспарланып отырған референдумға дауыс жинау жалғасуда.