Тәуелсіздіктің 20 жылдығында 20 мың домбырашы бір мезгілде бірнеше күй орындамақ - республикалық басылымдарға шолу
«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Жастар парызы немесе «Елбасымен кездесуден кейінгі пайым» атты мақала жарияланды. Онда келесі жылы еліміздің тәуелсіздік алғанына 20 жыл толуына байланысты «Заңғар» шығармашылық бірлестігі тойға дайындық шараларының аясында 20 мың домбырашының бір мезгілде үш, төрт күй тартуын ұйымдастыруды көздеп отырғандығы айтылған. Мақала авторының сөзіне қарағанда, осы шара арқылы оны ұйымдастырушылар Гинннестің рекордтар кітабына еніп қалу мүмкіндігінен де дәмелі. Еліміздің жастарының мемлекетте жүргізіліп жатқан саясат пен Елбасының жастарды қолдау бағытындағы жұмыстарына деген көзқарасын білгіңіз келсе, «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санын оқыңыз.
Сондай-ақ аталмыш басылымның осы санында Үкімет басшысының бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевпен арнайы сұхбат жарияланыпты. Ө.Шөкеев мырза басылым өкілдеріне еліміздің экономикасына, жаңадан құрылған жүйе - Кедендік Одаққа және оның аясында мұнай, газ, ауыл шаруашылығы, сауда, әлеуметтік мәселелерге қатысты көптеген түйткілді мәселелер жөнінде кеңінен баяндайды. Сондай-ақ ол Үкіметтің аталмыш мәселелер төңірегінде алдыға қойып отырған мақсаттары мен жоспарлары жөнінде де ой бөліседі. Сұхбат «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Кеден Одағы көкжиегімізді кеңейтеді» атты тақырыппен жарияланған.
***
Ал «Айқын» басылымы «Біз «қазақ жерінің қойнауы қазынаға толы» деп қуанамыз, «Менделеев кестесіндегі барлық элементтер салынған сандықтың үстінде отырмыз» деп масаттанамыз. Бірақ сол сандықтың кілттері қазақ халқының емес, жатжұрттықтардың қолында жүргендігін көрмегендей болдық. Мұның қателік екендігін билік соңғы жылдары түсіне бастады. Сосын үкіметтің стратегиялық нысандарды мемлекет меншігіне қайта сатып алуға, маңызды кен орындарындағы ел еншісін ұлғайтуға бағытталған қимылға қарқынды кіріскен», дей келе еліміздегі ең ірі алтын өндіретін мекеме «Kazakhgold Group Ltd» компаниясының болашақ тағдырына қатысты қалыптасып отырған өзекті мәселе жөнінде баяндайды. Үкіметтің аталмыш компанияның болашағына неліктен алаңдап отырғандығын және қазақстандық компания мен ресейлік компания арасында жасалған келісімнің бұзылуына не себеп болғандығын білгіңіз келсе «Айқынның» бүгінгі санын қараңыз. Мақала «Қазақ алтынының ауқымы 70 тоннадан асады» деген атпен жарияланған.
Сондай-ақ осы басылымның бүгінгі санында сот саласы қызметікерлерінің жарты жылдық жұмысына байланысты «Жалқау билер бақылауға ілігеді» атты мақала жарияланыпты. Онда Жоғарғы сот төрағасы Мұсабек Әлімбеков еліміздегі кейбір сот қызметкерлерінің биылғы жылдан бастап қолданысқа енген жаңа заңды оқуға мойындары жар бермей отырғандығын айтады. Соның кесірінен бірқатар сот өкілдері әлі күнге дейін көнерген заңдар негізінде үкім шығарып жүргенге де ұқсайды. «Еліміздің аймақтарында қолданысқа енген жаңа заң талаптарын білуге ынталы емес азаматтар бар. Бұл облыстағы кейбір сот төрағаларының жалқаулыққа мойынсұнып отырғандығының көрінісі. Бұл кешірілмейтін жағдай», дейді М.Әлімбеков. Оның айтуынша, мұндай судьялар болашақта «қара тізімге» енгізілетін болады. Сондай-ақ заңды білуге ынтасыз сот өкілдерінің аты-жөндері арнайы мәліметтер банкіне енгізілмек», деп жазады мақала авторы.
***
«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Барсакелмес» қорығының бүгінгі жай-күйі жөнінде тың деректер негізінде «Барсакелмес құлан түзге айналып барады» атты қызықты мақала жариялапты. Онда мақала авторы аталмыш қорықта бұрын қазақ құланы болғандығы жөнінде жазады. Аталмыш аңның соңғы тұяғы 30-шы жылдары мергеннің оғына ілінген. Одан беріде мұнда Түркіменстанның Бадхыз қорығынан 13 бас құлан жеткізіліп, 80-ші жылдардың басында олардың саны 300-ге дейін жетіпті. Алайда теңіздің табаны құрғаған уақыттан бастап, қорықта тұщы су көздері тапшы болыпты. Соның салдарынан құландар суат іздеп, басқа аймақтарға ауа бастаған. Ғалымдар бұл жағдайдан шығудың жолын іздеп, оларды еліміздегі өзге өңірлердегі қорықтарға жерсіндіруге күш салған. Құландардың одан кейінгі тағдырының не болғандығын және Барсакелмес қорығына қатысты қалыптасып отырған мәселе мен оны шешу бағытындағы мамандардың ой-пікірлерін білгіңіз келсе басылымның бүгінгі санын қараңыз.
Сондай-ақ аталмыш басылым тілшілері бүгінгі санында еліміздегі бала-бақшалардың жай-күйі мен онда орын алып отырған өзекті мәселелер жөнінде сөз қозғайды. «Кіші Кенбайлар туралы үлкен әңгіме» атты мақала авторы «Бала-бақшада балалары бар ата-аналардан жиналатын ақшаның негізі - ғимараттың жөндеу жұмыстарына, сосын тәрбиеленушілердің ойыншықтарына жұмсалады екен. Ал біз мемлекеттік мекемелер хақында сөз етіп отырғандықтан, осы айтылған мақсаттарға әкімдік тарапынан арнайы ақша бөлініп отыратыны бесенеден белгілі. Бірақ оны місе тұтпайтын мекеме басшылары ата-аналардан «жылу» жинауды қояр емес», деп жазады. Бала-бақшадағы осы сияқты қорданалып қалған өзекті мәселелер жөнінде басылымның бүгінгі санынан оқуға болады.
***
«Павлодарда сібір жарасының пайда болуына байланысты аймақта ет пен сүт саудасына енгізілген карантин аяқталды», деп жазады. «Казахстанская правда» басылымы «Очаг распостранения сибирской язвы локализован» атты мақалады. Автордың Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Александр Вербняктың сөзіне сүйене отырып келтірген мәліметтеріне қарағанда, инфекцияның тарауы ауру бұзаудың өлімімен байланысты болған. Аталмыш мал иесінің одан кейін де бірнеше малы өлген. Алайда ол ветеринарлық қызмет өкілдеріне ештеңе хабарламаған. Қалыптасқан жағдайдың мән-жайын егжей-тегжейлі білгіңіз келсе, басылымның бүгінгі санын оқыңыз.
***
«Литер» басылымы осы санында футболдан Испания құрамасының тарихта алғаш рет әлем чемпионы ғана атанып қоймай, бөтен елдің аймағында ең үлкен жетістікке қол жеткізген мемлекеттердің бірі болып отырғандығын жазады. «Аталмыш ойынды әлемнің жүздеген елдерінің жанкүйерлері тамашалап, олар ойынды соңғы минуттарына дейін ынта-ықыласпен қызықтап отырды. Бұл уақытта қызуқанды Испания халқы қуаныштан жарылардай шаттанып жатты. Футбол тойын Астана халқы да қызықты тойлады. Мұндағы финалға шыққан команда елдерінің елшілік өкілдері де ақтық ойынды тамашалады. Ойын аяқталған соң әлем чемпионы атанған Испания елшісі қонақтарына әйгілі испандық «Сангрия» шарабын судай ағызды. Чемпиондық атақтарын испандықтар елордада қалай атап өткендігі жөнінде оқып білгіңіз келсе, «Литер» басылымының бүгінгі санындағы «Королевская битва» атты мақаланы қараңыз.