«Тәуелсіздіктің 25 аса маңызды оқиғалары» кітабының тұсаукесері өтті - Қызылорда

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов пен «Тәуелсіздіктің 25 аса маңызды оқиғалары» кітабының авторы Берекет Кәрібаевтардың қатысуымен брифинг өтті.

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлады.

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Р. Рүстемов брифинг барысында ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі мерекемен құттықтап, жақында жарыққа шыққан  «Тәуелсіздіктің 25 аса маңызды оқиғалары» кітабын таныстырды.

Туынды ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр, ол Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен шығарылған.

Кітаптың авторы - ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті  «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, қызылордалық Берекет Кәрібаев.

Ғалымның ұзақ жылғы ізденістерінің нәтижесі осындай қомақты кітаптың құндылығын арттыра түсті. Мұнда көтерілген әрбір жетістіктердің барлығы ел бірлігін берік ұстанған егемендіктің жиырма бес жылында жасалған жасампаз істер. Олардың бәрі Тұңғыш Президенттің сара да салиқалы саясатымен жүзеге асырылып отырғаны баршаға аян.

  «Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жоғары дамуда, оның ішінде әлеуметтік сала аса қарқынды, Тәуелсіздіктің 25 жылында 109 денсаулық сақтау, 198 білім беру нысандары салынды. Назарбаев зияткерлік мектебі, қазақ-түрік лицейлері, дарынды балаларға арналған «Дарын» мектеп-интернаты, барлық білім жүйесіне таратылып жатқан инновациялық мектептердің өзіндік жүйесі пайда болды. Облыс халқының 95 пайызына орталықтандырылған ауыз су жүйесі жеткізілді. Тәуелсіздіктің 25 жылында 109 денсаулық сақтау, 198 білім беру нысандары салынды»,- деді облыс әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ, мерейлі мереке қарсаңында облыста  жаңа «Нұр Орда» мөлтекауданы ашылып, жалпы саны 820 пәтерді құрайтын көпқабатты 16 тұрғын үй ел игілігіне берілді.     «Нұр Орда» шағынауданындағы бұл үйлер «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған.

«Тәуелсіздіктің 25 аса маңызды оқиғалары» кітабы ғылыми еңбек емес, көпшілікке арналған танымдық кітап. Сондықтан баршаңыздың оқып, өткенімізге көз жіберіп, барымызды бағалауға атсалысып, оқырман болуға шақырамын,- деді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Р. Рүстемов брифинг соңында.