Тәуелсіздіктің 25 жылдығы: Ақмола облысының ауылдарында кәсіпкерлік қанат жаюда

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, дәмхана ашқан Ақмола облысы Сандықтау ауданында тұратын Доценколар отбасының ісі оңға басуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Каменко ауылында тұратын ерлі-зайыпты Владимир және Маргарита Доценколар «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, ауылда өз кәсібін ашқан санаулы адамдардың бірі ғана. Аталған бағдарлама арқылы пайыздық жарнасы төмен несиеге қол жеткізіп, оған дәмхана ашқан бұл отбасы келешекке зор сеніммен қарауда. Ауылда той-томалақтар мен мерейтойларды өткізетін, сондай-ақ, кешкілік уақытта демалып отыратын жайлы орынның ашулы тұрғындарды қуантып отыр. Кәсіпкер осыған жету үшін біраз жұмыс істеуге тура келгенін айтуда.

«Дәмханамыздың интерьері мен дизайнын үлкен ұлымыз Виктор жасады. Ал жобаны жүзеге асыруға отбасымызбен бірлесіп кірістік. Бұрын мұнда дүкен орналасқан. Кейін бұрынғы иелері оны би залы ғимараты ретінде сатып алыпты. Біз жөндеу жүргізіп оны дәмханаға айналдырдық. Енді міне отыз орындық дәмханамыз көпшіліктің игілігіне қызмет етпек, - дейді дәмхана иесі Маргарита Доценко.

   Әзірге дәмханада тек Маргаританың өзімен бірге бір аспазшы ғана жұмыс істеуде. Алдағы ауқытта кәсіпкерлер мұнда жергілікті колледж студенттерін тәжірибеден өткізуді жоспарлап отыр. Сол кезде  штат көлемі ұлғайып, жаңа жұмыс орындары ашылмақ.