Аталған шараға Президент архивінің директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, Б.Жапаров, Түркістан қаласы әкімі Әліпбек Өсербаев, қала әкімінің орынбасары Ғ.Рысбеков және шаһардағы жоғары, орта арнаулы оқу орындарының студенттері қатысты.
«Біздің негізгі шараларымыз Алматы, Астана қалаларында өткізіледі. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына жоспарланған шаралар өз кезегімен орындалып келеді. Түркістанда өткізіліп жатқан бұл жиын өңірлердегі екінші үлкен шара. Мұнда жиылғандардың дені жастар болғандықтан, оларға Елбасының салиқалы саясатының арқасында жасалып жатқан игі істерді білсін, түсінсін деген мақсатты айтқым келеді. Сонымен бірге Түркістан жұртшылығына Президент архивіндегі деректерді таныстыру да біздің негізгі жұмыстарымыз болып саналады. Тәуелсіздіктің беріп отырған мүмкіндігін пайдаланып жастар барынша жұмыс жасаса, алынбайтын асу болмайды »,- деді жиында сөз алған Президент архивінің директоры Б.Жапаров.
Сондай-ақ ол Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ- түрік университетінің тарих мамандығында оқитын студенттерді өндірістік тәжірибеден өтуге шақырды. Тарихи құжаттық көрменің мақсаты- Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихы мен саяси Олимпке батыл түрде шығып, нақты іс-қимылдарымен бірге ұстаным икемділігімен көзге түскен тұлға Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылық қызметін насихаттау болса, Қазақстан Республикасы Президенті архивінің, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының құжаттары негізінде Елбасының тұлғалық тұғырын, қайраткерлік қарымын, адамдық келбетін, саяси көрегендігі мен ұшқыр ойлы мәмілегерлігін айқындап ел назарына, ғылыми ортаға ұсынуға саяды. Қазақстан Республикасы Президенті архивіне сақтауға алынған саяси биліктің, қоғамдық ұйымдар мен партиялардың, қозғалыстардың қорларындағы 1991-2011 жылдардағы Қазақстанның жүріп өткен жолы мен егемендігінің еңселі кезеңдерін көрсететін Елбасының тұрақтандыру саясатын жүргізумен қатар республиканың халықаралық байланыстарын оң жолға қою жолындағы белсенді қадам жасай отырып жүргізген Қазақстанның көпвекторлық сыртқы саясатының стратегиялық бағыттарының негізін қалағандығын көрсетеді.Құжаттық экспозиция Қазақстан халқының шынайы рухани жаңғыруына берген мүмкіндіктерді сараласа, Президент Н.Назарбаевтың инновациялық мәнге ие бастамасының ширек ғасырға жуық Тәуелсіздік кезеңінің жарқын нәтижесі екенін айқындайды.