Тәуелсіздіктің 25 жылында президенттік билік өзін-өзі ақтады - ғылым кандидаты

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат- Елбасы Н.Назарбаев халыққа билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі үндеуін жария етуіне байланысты  Қорқыт Ата атындағы ҚМУ Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас өз ойымен бөлісті, деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

«Президент еліміз үшін аса маңызды, тағдырлы мәселе ұсынылып отырғанын атап өтті. «Қазір заманның дидары өзгерді. Біз де өзгеруге тиіспіз. Сол себепті, мемлекеттік басқару жүйесін де жаңғыртатын кез келді. Мен елдің мүддесі мен заманның талабын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып, байлам жасадым», деді Елбасы.

Үндеуде саяси жүйені жаңалаудағы сабақтастық ұстанымы сақталған. Ол Қазақстан қоғамының демократиялық бағытта дамуын одан әрі тереңдетуде жатыр. Бұған дейін қабылданған 5 институционалдық реформаның бесіншісінде көрсетілгендей, ашық Үкімет идеясы енді нақты іске асатын болады. Бұл да сабақтастық көрінісі. Сонымен қатар бұл жаңару Қазақстан Республикасының өркениетті саяси дамуға түбегейлі бет бұрғанын білдіреді деп ойлаймын.

Бұрын Президенттің құзырында болып келген 40-қа жуық өкілеттігі Парламент пен Үкіметке жүктелетін болады. Парламенттің Үкімет құрамын жасақтаудағы рөлі арта түспек. Бұл қадам өз кезегінде халықтың билікке деген сенімін күшейтіп, ішкі саяси тұрақтылықтың іргесін одан сайын бекіте түседі. Сондай-ақ азаматтардың саяси ойлау мәдениетін арттыруға ерекше серпін береді деп білемін.

Тәуелсіздіктің 25 жылында президенттік билік өзін-өзі ақтады. Ал қазіргі әлемдік саяси жағдайда ең дамыған елдердің қатарына оңтайлы кірігу үшін мемлекеттің саяси жүйесін өзгертудің кезі келгенін Мемлекет басшысы дәл анықтаған. Билік тармақтарының өкілеттіктерін арттыра отырып, олардың арасындағы тепе-теңдікті қалыптастыру арқылы қазіргі заманғы сын-қатерлерге барлық мемлекеттік органдар мен азаматтардың мүдделіліктері артады деп сенемін. Сонда барып Қазақстан қоғамына сыртқы және ішкі қауіп-қатерлерді шығынсыз еңсеруге мол мүмкіндіктер туындайды. Біз өз тәжірибемізге сүйеніп қана өзгере де, жаңара да аламыз. Себебі, әлемде саяси жүйені қайта реформалаудың әмбебап моделі жоқ. Мұндай сапалық тұрғыдан жаңару үдерісіне әрбір ел өз жолымен жететін болса керек», - деді Н. Мыңжас.