Тәуелсіздіктің 30 сәті: Фотобайқауда бас жүлдені жезқазғандық фотограф жеңіп алды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында «Тәуелсіздіктің 30 сәті» облыстық фотобайқау-вернисажының қорытындысы шығарылды. Оған 18–30 жас аралығындағы жас фотографтар қатысты. Байқауға 50-ден астам жұмыс келіп түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бас жүлдені Жезқазғандық фотограф Ғалия Әбдіғаппарова жеңіп алды. Жүлделі үш орынды теміртаулық фотографтар өзара бөлісті.

Бірінші орынды Фёдор Лобов, екінші орынды Татьяна Летнева және үшінші орынды Екатерина Ткаченко алды.

«Жезқазғанда аудандық «Сарыарқа« газетінің фототілшісі болып 6 жыл жұмыс істедім, ал қазір мен үстел теннисінен жаттықтырушымын. Бұған дейін Жезқазғанда өткен осындай фото байқауға қатысып, бас жүлде алған болатынмын. Мен 10-ға жуық сурет жібердім – ол біздің қаламыздағы түрлі іс-шаралардан, Президенттің Ұлытауға сапарынан алынған фотолар», – деді Ғалия Әбдіғаппарова.

Жеңімпаздар сертификаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Облысымыздың жас фотографтарының көрмесі 8 қарашаға дейін жалғасады.