Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Арқалықта үш ірі нысан іске қосылды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Арқалық қаласында үш инвестициялық нысанның ашылуына қатысты. Бұл туралы әкім Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен 30 жыл ішінде бұл қалада халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған көптеген жаңа нысандар ашылып, іске қосылды. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында нысандардың ашылуы Арқалық жұртының тұрмысына жаңа серпін береді. Сондай-ақ жаңа нысандар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсартады», - деп жазды әкім.

Әуелі ол «Арқалық Айдар» ЖШС-ның мал шаруашылық кешенін ашты. Бұл нысан «Торғай Ет» ЖШС-ның ет өңдеу кешенін шикізатпен қамтамасыз етеді деп жоспарлануда. Мұнда бір мезгілде 5 мың бас бордақылап, 2,5 мың аналық бас ұстауға болады.

Жобаның жалпы құны – 2,7 млрд теңге. 40 адамды жұмыспен қамтиды.

Архимед Мұхамбетовтің екінші бас сұққан нысаны 1,362 млрд теңгеге салынған 20 мың тонналық элеватор мен жылына 13,2 мың тонна өнім шығаратын құрама жем зауыты болды. Жем зауытын салуға 545,6 млн теңге жұмсалған.

«Сонымен қатар, Арқалық қаласының жылумен жабдықтау жүйесін қайта құру жұмыстарымен таныстым. Естеріңізге сала кетейін, бұл жоба «Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде іске асып жатыр. Құны – 7,4 млрд теңге. Жылу электр орталығының басшылығымен нысанның күнделікті жұмысы туралы жиын өткіздім. Сондай-ақ, «Қостанайюжэлектросервис» коммуналдық кәсіпорнында болдым. Кәсіпорын біздің облыстың оңтүстігінде жатқан 56 елді мекеннің 18 мыңнан астам халқын электрмен қамтамасыз етіп отыр», - деп жазды Архимед Мұхамбетов.



Жанна Мұсабаева