Бұл еліміз егемендік алғалы бері ауданда алғаш рет бой көтеретін көпқабатты тұрғынүй. Бұл туралы ОКҚ филиалында өткен брифингіде аудан әкімі Тілек Көшмағанбетов мәлім етті.
«Қазіргі уақытта 3 қабатты 24 пәтерлік үйдің құрылысы кестеге сәйкес жүріп жатыр. 4 қабатты 72 пәтерлік баспананы көтеруге кәсіпкермен келіссөз жүргізілді. Аукцион арқылы жер беру мәселесі қаралды. Көпқабатты 2 үй де «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы салынады. Аудан әкімдігі балансына алынып, жаңа пәтерлер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға беріледі» - деді Тілек Көшмағанбетов.
Тағы бір жаңалық - ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Жыңғылды ауылында бір мезгілде 140 адам шынығатын спорт кешені салынатын болды.
«Жобалық-сметалық құжаты жасақталды. Мемлекеттік сатып-алу конкурсы жүріп жатыр. 2 қабатты ғимарат аумағында футбол, жүгіру, секіру және баскетбол, волейбол алаңдары орналасады. Келушілер футбол, дзюдо, қазақ күресі, джиу-джитсу, жеңіл атлетика тағы басқа спорт түрімен айналысады. Кешен үйірмелерге арналған және киім ілу, жуыну бөлмелерімен, жаттығу залдарымен қамтылады», - деді Тілек Көшмағанбетов.