Композициялық мүсіннің ашылуына қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов көпшілікті тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.
– Ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің мәдениет министрлігінде жауапты қызмет атқарған жылдары елімізде 400-ге жуық археологиялық нысан қалпына келтірілгенін жақсы білеміз. Тарихымызды тану үшін үлкен өзгерістер жасалды. Бұл Өзбекәлі Жәнібековтің ұлт қайраткері, отаншыл азамат ретіндегі тұлғасын көрсетеді, – деді қала әкімі.
Шымкент қаласының орталық саябағына орнатылған шағын сәулет мүсіні Ө.Жәнібековтің 90 жылдық мерейтойына арналып отыр.
Ондағы мақсат – ұлтымыздың ұлттық құндылықтарын, өмір салтымызды заманға сай одан әрі байытуда, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымыз арқылы жаңа ұрпақ тәрбиелеуде Өзбекәлі Жәнібековтің биік тұлғасын дәріптеу.
Сондай-ақ, Шымкент қаласының Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында қоғам қайраткерінің өмір жолын баяндайтын «Дара» атты деректі фильмнің тұсауы кесілді.
Фильмде қайраткердің өмірлік позициясы, ұлттық идеологияның негізін қалаудағы ой-пікір ұстанымы, қазақтың өмір-салты мен болмыс-бітімі, дүниетанымын түбегейлі зерттеп, қайта жаңғырту жолындағы ізденістері және басқа көптеген еңбектері көрсетіледі.
Жиналған көпшілік фильмді тамашалап, Әдет-ғұрып және салт дәстүр орталығының жұмыс барысымен танысты.