Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: СҚО-да қандай шаралар ұйымдастырылады

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай түрлі форматта қоғамдық маңызы бар 50-ден аса іс-шара ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәліметінше, өңірде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар легі Ақан сері атындағы облыстық филармонияның концерттік бағдарламасымен бастау алды. Алда ғылыми конференциялар, тақырыптық көрмелер және республикалық ақындар айтысын өткізу жоспарланған.

«Облыстағы қазақ және орыс драма театрлары мерейтойға орай премьера әзірлеп жатыр. С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры «Елім-ай» спектаклін сахналамақ. «Тәуілсіздік құрдастары» облыстық ән байқауын, «Гауһартас» қазақ халық аспаптары оркестрінің ІІІ республикалық фестивалін, «Тәуелсіздік толғауы» атты суретшілердің халықаралық плэнерін, «Бабалар аманаты» фестивалін және «Құдыретті туған жер» көрмесін өткіземіз», - дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы Досбол Әбдіриісов.

С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада ел мерейтойына орай оқушыларға, студенттерге және барлық оқырмандарға түрлі форматта экскурсиялар, көрмелер мен лекциялар өтеді. Жалпы биылғы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылына орай кітапханаларда 250-ден астам іс-шара ұйымдастырылмақ.

«Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы жүзеге асып жатыр. Нәтижесінде кітапхана-білім беру класстері құрылмақ. Балаларға 13 бағыт бойынша қызмет көрсетіледі. Жалға беру нәтижесінде кітапхананың материалдық-техникалық базасын, кітап қорын толықтыруға мүмкіндік бар», - дейді Досбол Әбдіриісов.