«Тәуелсіздіктің ақ таңы» атты жаңа журнал өз оқырмандарына жол тартпақ

АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат - 19 қаңтарда Астана қаласында «Тәуелсіздіктің ақ таңы» атты республикалық қоғамдық-саяси жаңа журналының тұсауы кесіледі.

«Тәуелсіздіктің ақ таңы» журналы руханият және мәдениет саласы, өндіріс пен кәсіпкерлік, ішкі-сыртқы туризм, ассамблея секілді тақырыптарға негізделмек.

«Журналдың мақсаты - дүние жүзіндегі барша халықты ынтымақ пен бірлікке шақыру. Еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің тыныс-тіршілігін кеңінен насихаттау. Сондай-ақ басылым, орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту жолындағы жетістіктер, ішкі туризмнің бүгіні мен ертеңі туралы мол ақпараттармен қамтылады», - делінген таратылған хабарламада.

Алғашқы нөмірде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың балалық шағы туралы мақала жарық көрді. Сонымен қатар қазақ ғылымының келешектегі мен мән-жайын ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынұлының сұхбатынан оқуға болады. Қазақ-үнді байланысы қандай деңгейде деген сауалға еліміздегі Үндістанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Ашок Кумар Шарма мырза жауап береді.

Басылымның форматы - А4, ал көлемі- 100-120 бет. Қазақстан Республикасы аумағында таралатын журнал 5 мың данамен шығады.