Тәуелсіздіктің батыл қадамы
Бүгінде ядролық егес жаңа деңгейге көтеріліп отыр. Әлем ірі державалар арасындағы қырғи-қабақ тайталастың жаңа айналымына әзірленуде. Демек, адамзат ядролық қарусыздану бағытындағы қозғалыстың қуат-қарқынын да үдеткені - өмірлік маңызды мәселе. Әйтпесе келесі ядролық қақтығыс өркениеттің, тіпті барша адамзаттың жойылуына соқтыруы мүмкін, деп жазады aikyn.kz.
«Таңдау оншалық көп те емес. Не сайып келгенде, нақты, шынайы әрі жаппай ядролық қарусыздану, не ерте ме, кеш пе, аймақтық, содан кейін ғаламдық деңгейдегі ядролық Ақырзаман!» дей келе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бейбітшілік кіндігі» кітабында ұжымдық күш-жігер әлеуеті әлі сарқылмағанына үміт білдіреді және жаһан жұртшылығын өзара түсіністік пен бейбіт реттеу ауанын сан рет еселей түсуге үндейді.
Кеше Орталық коммуникациялар қызметі «БҰҰ-ның Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл халықаралық күніне және Семей ядролық полигонының жабылғанына 25 жыл толуына» арнап, өткізген брифингте Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков еліміздің басты құндылығы адам мен адам өмірі, сондай-ақ тұрақтылық пен келісім екендігіне тоқтала келе, Қазақстанның бүкіл әлемге де соны тілейтінін айтты.
- 2016 жыл - еліміз үшін ерекше маңызды, тарихи жыл болғалы тұр. Өйткені ғасырлар бойы тәуелсіздігін аңсаған халқымыздың өз мақсатына, арманына жеткеніне биыл 25 жыл толады. Осы қысқа мерзімде Қазақстан толықтай тұғырлы, дербес, егеменді мемлекет болып қалыптасты, орнықты, экономикалық, әлеуметтік дәрежесі қарқынды дамып, мәдени, білім, ғылым салаларында үлкен жетістіктерге жетті. Ең бастысы, көпэтносты елімізде саяси тұрақтылық, түсіністік, сыйластық, ынтымақтастық орнаған. Қазақстанның осындай тарихи жетістіктері әрине, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ұстанған, табанды жүргізген сындарлы, болжамды ішкі және сыртқы саясатының тікелей нәтижесі, жемісі! - деді сөз басында сенатор.
Ол Мемлекет басшысының тарихи шешімінің бірі - «осыдан 25 жыл бұрын Кеңес үкіметінің аса ықпалды әскери-өнеркәсіп күшіне тойтарыс бере отырып, әлемдегі ең ірі Семей ядролық сынақ полигонын түбегейлі жабуы» болғанын қаперге салды. Бұл шешім бүгінгі тарихшылардың сөзімен айтсақ, «Қазақстан үшін түпкілікті егемендік пен тәуелсіздікке қарай жасаған аса батыл қадам болды».
Семей өңірінде қырық жылдан астам уақыт ішінде атмосферада, жерде және жер астында 470-ке жуық жойқын сынақтар жасалды. Бұл - ядролық қару пайда болғалы бүкіл әлемде жасалған сынақтардың тең жартысы екен! Ядролық радиация Қазақстан-ның бірнеше өңірінің жерін, өзен-көлдерін улап, айналасындағы барша тіршілікті біртіндеп жоя бастады. Сынақ аймағындағы 1,5 миллионға жуық тұрғындардың тағдырына үлкен нұқсан келтірді, көпшілігін жарымжан етіп, денсаулықтарын жойды. Осы полигонның зардабы әлі күнге дейін сезілуде.
Жалпы, Семей полигонының жабылуымен бірге «ядролық қаруды таратпау және қарусыздандырудың әлемдік процесінің жаңа тарихи кезеңі» басталды. Осы ретте ел Президентінің шешімімен Қазақстан ядролық қарудың әлемдегі төртінші арсеналынан да өз еркімен бас тартқанын ерекше атап өтуіміз керек. Сонымен қатар, сол кезеңде елдің көптеген аймақтарында орналастырылған ядролық қару түрлері мен оларды жеткізу құралдарын ел территориясынан толықтай және біржола шығару туралы шешім қабылданды. Осы шешімдер қысқа мерзімде толықтай іске асырылып, Қазақстан әлем тарихында ядролық қарудан бас тартқан тұңғыш ел болды. Айта кету керек, ел Президентінің осынау аса маңызды шешімі әлемнің әр түкпіріндегі қалған
4 ядролық сынақ полигондарының тоқталуының негізін қалады. Енді, міне, осы тарихи оқиғалардың басталуына 25 жыл толып отыр.
- Әлі де жаһанда адамзат баласына төнген ядролық қауіп азаяр емес. Өйткені, бүгінде әлемдегі жетекші, ықпалды, экономикалық әлеуеті мықты елдердің арасында сенімсіздік, түсініспеушілік, саяси бәсекелестік арта түсуде. Ең қауіптісі, II Дүниежүзілік соғыстан кейінгі қалыптасқан халықаралық құқық нормалары бұзыла бастады. Міне, осындай жағдайда келер ұрпақтың болашағына, тағдырына алаңдаушылықтан, жауапкершіліктен туған «Әлем. XXI ғасыр» манифесін Мемлекет басшысы үстіміздегі жылы Вашингтонда өткен антиядролық саммитте жария етті, әлем жетекшілеріне ақыл-парасатқа жүгініп, болашақ бейбіт өмір үшін бірлесіп нақты істер атқару керек екендігін тағы да естеріне салды, ескертті, - деді Икрам Адырбеков.
Бұл аса өзекті құжат халықаралық қоғамда қызу талқыланып, қолдауға ие болды және БҰҰ Бас Ассамблеясының, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің ресми құжаты ретінде танылып отыр. Қазақстан басшысының ұсынысымен 2015 жылы 7 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы «Ядролық қарусыз әлем құру» туралы жалпыға ор-тақ декларация қабылдады. «Қазіргі кезде жаһан жұртшылығы Н.Назарбаевты ядролық қарусыз әлем құру жөніндегі халықаралық қозғалыстың көшбасшы ретінде мойындайды» деп түйді сенатор И.Адырбеков.
Ал Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Қазақстанның бастамалары - ядролық қарусыздану тарихындағы теңдесі жоқ жобалар екенін мәлімдеді.
- Қазақстан бүкіл әлемде бейбітшілік пен келісім, тұрақтылық пен қауіпсіздік идеяларын жақтаушы және оларға өмірге жолдама беруші ретінде мәлім, - деді еліміздің сыртқы саясат ведомствосы басшысының орынбасары. - Еліміз Тәуелсіздіктің 25 жылы үдерінде ұдайы түрде халықаралық қоғамдастық тарапынан сұранысқа ие бастамалармен шығып келеді. Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылғы 29 тамыздағы тарихи Жарлығымен Семей ядролық полигонын жабуы және ізінше, қуаты алапат ядролық қарудан ерікті әрі то-лық бас тарту туралы батыл шешімі - Қазақстанның және жекелей алғанда, Мемлекет басшысының жаһандық қарусыздану процесіне қосқан бірегей үлесі болды. Бұл теңдессіз қадамдар осы саладағы қозғалыстың жаңа парадигмасының негізін қалады.
Өз сөзінде Сыртқы істер министрінің орынбасары Қазақстанның жаһан жұртшылығына ұсынған ең ауқымды бітімгершілік бастамаларына тоқталды. Осы орайда Қазақстанның бүкіл Орталық Азияны ықтимал ядролық шабуылдан қорғап қалуын жеке атап өткен жөн. Р.Василенконың айтуынша, біздің ел бастамасымен 2006 жылы Орталық Азияда ядролық қарудан ада аймақ құру туралы келісімге қол қойылды. Осыған орай БҰҰ аясында ядролық қаруы бар әлемдегі ірі бес держава осы аймақ-тағы елдерге күш қолданбайтындарына кепілдік берді.
Адамзаттың бейбіт те бақуат-ты болашағын қамтамасыз ету бағытындағы маңызды істің ұстынын Астанада алдағы дүйсенбіде ашылатын жаһандық жиын бекіте түсуге тиіс. Роман Василенконың дерегінше, Семей полигоны жабылған күні өткізілетін «Ядролық қарусыз әлемді құру» халықаралық конференциясына 50-ден астам елден 200-ден аса тұлға қатысады деп күтілуде. Олардың арасында 31 парламенттер депутаттары, 11 үкімет өкілдері, сондай-ақ, жаппай қырып-жою қаруына қарсы күреске белсенген 7 халықаралық ұйымның, халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың 85 өкілі бар.