Тәуелсіздіктің баянды болуы тұғырының беріктігіне байланысты - саясаттанушы Сайын Борбасов
саяси ғылымдар докторы, ҚР Білім беру ісінің үздігі Сайын Молдағалиұлы Борбасовты әңгімеге тартқан едік.
- Қазақ қоғамы үшін тәуелсіздіктің мән-маңызы мен ролі қандай?
Тәуелсіздік қазақ халқының, Қазақстан халқының басына біткен бақ. Бұл - еш уақытта маңызы жоғалмайтын, ғасырлардан ғасырларға ұласатын үлкен құндылық. Әрбір Қазақстан азаматы соның қадір-қасиетін білуі керек. Қазақ халқының ұзақ тарихи кеңістікте өмір сүруі, этнос ретінде, ұлт ретінде сақталуы тәуелсіздікке тікелей байланысты және ол ұлтымыздың келешегін қамтамасыз ететін құбылыс. Бұл сөз жоқ, ұлы ақиқат. Егер де республика Кеңес Одағының қатарында тұра берген немесе басқаша бір тарихи баламалы үрдістер болған жағдайда қазақ халқы этнос ретінде тілін, мәдениетін, ұлттық келбетін, ділін, дәстүрін сақтауы мүмкін емес еді. Ол алдағы жақын келешекте қазақты тарих аренасынан кетіруі күмәнсіз болатын. Тәуелсіздік біздің өмір сүруімізге жағдай туғызып, тарихи мүмкіндік берді. Демек, қазақ халқы қытай халқымен бірге, орыс халқымен бірге, американ ұлтымен бірге ұзақ тарихи кеңістікте жарыса өмір сүру мүмкіндігіне ие болды. Біз енді өзге халықтармен бәсекеге түсуге мүмкіндік алдық. Бұл - тәуелсіздіктің ерекше мәні. Өз басым тәуелсіздік дегенді үлкен бақыт деп санаймын. Біз қазір басқа ұлттармен тереземіз тең болып отырған жайымыз бар. Американдық, түрік, ағылшын, француз, неміс өзін қалай сезінсе біз де өзімізді солай сезіне аламыз. Мысалы, әлемдегі күрд, ұйғыр сияқы халықтардың саны бізден басым болғанымен мемлекеті жоқ. Жалпы дүниежүзінде 2 мыңға жуық ұлыстар мен ұлттар бар. Олардың 200-ден астамында ғана мемлекет бар. Сондықтан әлемдегі таңдаулы халықтардың қатарына қосылғанымыз үшін Алла тағалаға шүкіршілік жасап, мыңда бір алғыс айтуымыз керек.
- Тәуелсіздік бізге Алланың берген сыйы, ол қантөгіссіз келді деген пікірге келісесіз бе?
- Әрине тәуелсіздік Алла тағаланың бізге берген бақыты. Тәуелсіздік шынында да қантөгіссіз келді. Біз егемендікке мылтық алып, көтеріліс жасап қол жеткізген жоқпыз. Тәуелсіздікті 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін 5 жылдан соң алдық. Оның өзі Кеңес одағының экономикалық-саяси тұрғыдан әлсіреуі, басқарушы элитасының кеңес халықтарына ие болу мүмкіндігінен айрылуы сияқты түрлі себептерден кейін орны алды. Бірақ біздің ата-бабаларымыз тәуелсіздік үшін сан ғасырлар бойы күрес жүргізіп келді. Бізде өткен ғасырдың ішінде ғана тәуелсіздік үшін 423 көтеріліс болыпты. Оның ең соңғысы - Алматы қаласында басталып бүкіл Қазақстанды қамти жаздаған тоталитарлық жүйеге қарсы бағытталған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі. Олар - ұлттық құндылықтарымызды қорғау үшін жасалды. Осының бәрі шын мәнінде қазақты саяси жағынан, психологиялық жағынан тәуелсіз мемлекет болуға дайын етті. Сондықтан тәуелсіздікті бүкіл халық жақтап, саяси элита көтеріп әкетті.
- Тәуелсіздіктің маңызын жалпы жұртшылық қазір қаншалықты сезінуде?
- Қай ауылға барсаң да, қай адаммен сөйлессең де, тәуелсіздік басқа халықтармен тереземізді тең еткенін айтады. Біз құқық жағынан, әлемдік мәртебе жағынан теңестік, Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі ретінде теңестік. Оның бәрін қарапайым халық сезінеді. Бірақ әрине, кемшіліктер де жеткілікті. Бұл ең алдымен тәуелсіздіктің экономикалық жетістіктерінің халыққа қызмет ете алмауы. Шикізат көздері ұзақ уақытқа шетелдік компанияларға жалға беріліп, оның Қазақстан халқына қызмет етуі кемшін жатыр. Одан кейін байлар мен кедейліктің арасындағы алшақтықтың күшеюі. Ол да біздің тәуелсіздікке өз зиянын тигізуде. Сондай-ақ қазақ ұлтының тілінің ақпараттық кеңістікте, ғылыми кеңістікте, саяси кеңістіктікте өз орнын ала алмауы да үлкен бір мәселеге айналуда.
- Желтоқсанның басқа көтерілістерден айырмашылығы қандай?
- Желтоқсан көтерілісінің себептері әртүрлі. Біріншіден, Кеңес үкіметі сол кезде жариялылық пен демократияландыру саясатын жүргізе бастады. Михаил Горбачев бүкіл халықтың шын мәніндегі саяси санасын ашты. Кеңес Одағының құлауына М. Горбачевтің үлкен әсері бар. Халықтың саяси мәдениеті көтеріліп, тарихты қайтадан қарады. Жариялылық пен қайта құру кезеңінде халықтың қырылғаны, аштыққа ұшырағандығы, оған қарсы геноцид саясаты жүргізілгендігін әрбір қазақ ұғына бастады. Қазақстанның астанасы - Алматыда сол кезде тұрғындардың 80 пайыздан астамы басқа ұлт өкілдері болды. Бұл қазақтың наразылығын тудырды. 80-ші жылдардың басында Кеңес Одағының ұлттық республикалардың басшыларын орыстан қоямыз, оларды бір-біріне жақындастырамыз деген саясатының нығаюы халық қарсылығын тудырды. Дінмұхмет Қонаев ұлттық интеллигенцияны, ұлттық мүдделерді қорғаудың Кеңес одағы жағдайындағы моделін жасады. Ол кезде ұлт саясатында екі ағым болды. Біріншісі - ұлттардың гүлденуі, екіншісі - олардың өзара жақындасуы. Қонаевтың жақтастары гүлдену жағына көп көңіл бөлді. Сол кезде мәдениет пен өнер қарыштап дамып, мерзімді басылымдардың таралымы көбейді. Бұл ұлттың санасын көтерді. Ілияс Есенберлиннің "Көшпенділер", Олжас Сүлеменовтің "АЗиЯ"-сы шықты. Орталық комитет пленумында Д.Қонаевты орнынан алып тастауы жастардың қарсылығын тудырды. Ол көтеріліске себеп қана болды. Орталықтың шеттен адам әкелуі қазақтың намысына тиді. Оны ұлттық намысты қорлау ретінде қабылдады. Желтоқсан көтерілісі кезінде бұған өз наразылығын білдіру үшін алаңға алғашқы күні - 400, екінші күні - 15 мың, үшінші күні 45 мың адам жиналды. Олардың 55 пайызы - жұмыссыз жастар, 40 пайызы - студентер, 5 пайыздайы жоғары мектеп оқушылары мен зиялы қауым өкілдері болды.
- Кеңестік жүйеге қарсы Шығыс Еуропа елдерінде болған көтерілістерде зиялы қауым халық жағында болды. Ал 1986 жылы Қазақстанда орын алған Желтоқсан көтерілісі кезінде жергілікті зиялы қауым неге жасқаншақтық танытты?
- Біздің ұлттық интеллигенция бұғып қалған жоқ. Басым көпшілігі жастар жағында болды. Бірақ тікелей көшеге шығып жастармен бірге олар көтеріліске қатысқан жоқ. Менің ойымша, біріншіден, біздің интеллигенция тоталитарлдық жүйе кезінде соққы жеп, әбден қорқып қалған. Өйткені кеңестік репрессия негізінен қазақ интеллигенциясына бағытталды. Сондықтан олар ең алдымен зиялы қауымды жаныштады. Жұмыстан шығарды, соттады. Екіншіден, сол кезде интеллигенцияның басым бөлігі коммунистер болды. Осы арада мына жәйтке назар аудара кеткім келіп отыр. 1930 жылға дейін жоғары оқу орындары мен техникум бітірген 75 мың қазақ интеллигенциясы болған Қазақстанда. Оның 74 мыңы қуғын-сүргінге ұшырап, 70 мыңы атылды. Сол себепті олардың бойына сіңіп қалған үрей мен қорқыныш сақталып қалды. Интеллигенцияның әлі күнге дейін биліктен, саясаттан қорқатыны осыдан.
- Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жоғары қарқынмен басталған ұлттық жаңғыру үрдісі аз уақыттан соң басылып қалды. Оның себеп-салдарын тарқатып айтып бере аласыз ба?
- Тәуелсіздіктен кейін халық бейбіт өмір сүруге бет бұрды. Үнемі белсенділікпен жүру дұрыс емес. Тәуелсіздікті нығайту үшін әркім өз саласы бойынша сапалы жұмыс жасауы керек. Осы уақытқа дейін әлемді дүр сілкіндіретін үлкен жаңалықтардың болмауына даму деңгейіміздің де әсері бар. Жаңалық ашу үшін ғылымға жағдай жасау керек. Қазақстанда ғылымға қазір жалпы ішік өнімнің 0,25 пайыз көлемінде қаржы бөлінеді. Ғылымның дамуы үшін ол кемінде 3 пайыз болуы керек. Бұл 5 пайызға жеткенде жақсы ғылым болады, ал 7-8 пайыз болғанда ол тұрақты дамиды. Ғылымның материалдық базасы дамымай, үлкен жаңалық болмайды.
- Тәуелсіздік үшін болған көтерілістерге елімізде тиісті баға берілді ме?
- Ұлт-азаттық көтерілістерге баға берілді. Мәселен, Желтоқсанға оқиға емес көтеріліс деген баға берілді. Ол билік деңгейінде мойындалмаса да интеллигенция қазір Желтоқсанды көтеріліс дейді. Өйткені оған қару алып адамдар қарсы шықты. Бірнеше адам көз жұмып, ресми түрде 1200 адам сотталды. Желтоқсан көтерілісінің әлемдік тарихқа ықпалы болмағанымен, Кенес Одағының ыдырауына үлкен әсер етті. Кенес Одағының күйреуі арқылы әлемдік тәртіптердің өзгеруіне түрткі болды. Оған ұлттық қозғалыстардың жандануына ықпал еткен көтеріліс деген баға бердік.
- Ғасырлар бойы аңсап қол жеткізген азаттықты баянды ету үшін не істеуіміз керек деп ойлайсыз?
- Ең алдымен ешкімге 1 шаршы метр де жер бермеуіміз керек. Мемлекеттіліктің негізі - жер. Одан кейін экономикалық тәуелсіздікті күшейту керек. Әсіресе, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Қарның тоқ, көйлегің көк болмай көңілің көтеріңкі болмайды. Сондай-ақ тілдік, саяси мәдениеттің тәуелсіздігін орнатып, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру керек. Қорытындылап айтқанда, жер, байлық, ұлтық рух қазақтың қазақтығын сақтаудың басты факторлары. Мен тәуелсіздіктің үш тұғыры осы деп ойлаймын. Олар Қазақстанның тәуелсіздігінің ұзақ болуын қамтамасыз етеді. Жалпы ғалымдардың айтуынша, Қазақстан жерінде 250 миллион адамның өмір сүруіне мүмкіндік бар. Бұл біздің балаларымыз, немерелеріміз, шөберелеріміз бен олардың сан ұрпақтарының алдағы ғасырларда да азат елдің тәуелсіз ұланы болатына толық мүмкіндігі бар деген сөз.
- Лайым айтқаныңыз келсін. Әңгімеңізге рахмет.