Бүгін Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының IV Құрылтайында ҚР Президенті - Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқасының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.
«Тәуелсіздіктің тірегі ұлттық сана екенін білесіздер. Ал ұлттық сана тарих пен мәдениет арқылы қалыптасады. Осыған орай еліміздегі «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы жемісті жүзеге асырылуда. Мемлекет тарапынан ұлан-ғайыр қаржы бөлінген», - деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, бағдарлама бойынша барымызды бағалап, жоғымызды түгендеуде ұлан-ғайыр іс атқарылды. Соның арқасында 100-ге тарта тарихи-мәдени нысан жаңғыртылып, оның 73-інің қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Шетелдерден тарих пен мәдениетімізге қатысты 5 мыңнан астам құнды деректер тауып алынып, көшірмелері елімізге әкелінді. Әлемдік ақыл-ойдың ең озық үлгілері қазақ тліне аударылып, одан том-том кітап болып жарық көруде.
«Бұл құндылықтар келешекте жастардың ойына ұлттық сана сіңіруге жол ашады. Ұлттық фольклорымыз «Бабалар сөзі» деген атпен 100 томға жинақталып, жарық көруде. Сондай-ақ әр қиырды шашылып жатқан ұлттық музыкалық мұрамыз да жинақталды. Оларға шет ел қазақтарының әндері мен күйлерінің де енгізілгенін атап өткім келеді», - деді Елбасы.