«Тәуелсiздiктiң жиырма шыңы» - 20 жұлдызды күн шеңберiнде 6 желтоқсан «Мәдениет» күні болып аталып өтеді
Бұл күні Тәуелсіздіктің 20-жылдығына арнап өткізілетін республикалық мәдениет ұйымдарының барлық шараларына кіру тегін болмақ.
Астана және Алматы қалаларының тұрғындары мен қонақтары Тәуелсіздік жылдары шығарылған қазақстандық фильмдердің онкүндігіне келе алады. Фильмдер № 7 кинопаркте («Керуен») және «Цезарь» кинотеатрында (2-і зал) көрсетіледі. Онкүндік бағдарламасына Шакен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ы жасап шығарған 10 көркем, 6 анимациялық және 9 деректі фильмдер енгізілген.
Алматыдағы республикалық театрлардың сахналарында бірқатар қойылымдар, соның ішінде премьералар да көрсетіледі.
Концерттік ұйымдар арнайы мерекелік бағдарламаларын ұсынады.
Сонымен қатар, бірқатар өнер ұжымдары алыс және жақын шетелдерде өз өнерлерін тарту етеді.
Мәдениет министрлігінің барлық мұражай мен қорық-мұражайларында мектеп-интернаттардың оқушыларына арналған көрмелер мен дәрістер өтеді.
Бұл күні кітапханалар өз оқырмандарын мазмұнды кітап көрмелеріне және тақырыптық кештерге шақырады.