Арнайы рәсімде облыс әкімі Дастан Рыспеков, облыстық мәслихат төрағасы Бауыржан Шыңғысов, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, қоғам қайраткерлері мен Желтоқсан оқиғасының қатысушылары құрбандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, боздақтардың рухына тағзым етумен жалғасты.
- Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың сан ғасырлық арманы мен күресінің жемісі, ұлттық рухымыздың биігі. Осыдан 33 жыл бұрын, 1991 жылы, халқымыздың үміті ақталып, Қазақстан өз тағдырын өзі шешуге мүмкіндік алды. Бұл тарихи таңдау – ұлттың ең ұлы жетістігі. Ұлытау – ұлы бабаларымыздың рухани бесігі, қазақ мемлекеттілігінің бастау алған киелі мекені. Осындай қасиетті жерде біз Тәуелсіздігімізді ерекше қадірлеуге, оның әр сәтін бағалауға тиіспіз, - деді өңір басшысы Дастан Рыспеков өз сөзінде.
Іс-шара соңында жиналғандар «Тәуелсіздік» монументіне гүл шоқтарын қойып, естелік суретке түсті.