Ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері және құрметті қонақтар қатысты.
Жаңа өрт сөндіру бекеті ескінің орнына жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен салынды. Қазіргі заманғы талаптарға сай өрт сөндіру депосы жалпы ауданы 1300 шаршы метрден асатын 4 автомобильге есептелген. Қолданысқа берілген бұл депо өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс пен ден қою тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ қызметкерлердің қызмет атқаруы үшін қолайлы жағдайлар жасалған.
Жаңа өрт сөндіру депосы өрттерді сөндіру және түрлі авариялық-құтқару жұмыстарын ауқымды көлемде орындауға қабілетті заманауи үлкен техниканы орналастыруға мүмкіндік береді. Өрт сөндіру бөлімінде 68 қызметкер жұмыс істейді. Жеке құрам үшін оқу сыныбы, демалыс, жатын бөлмелері, ас үй, акт залы, спорт залы, техникалық және әкімшілік үй-жайлар қарастырылған.
Бүгінде қалада 10 өрт сөндіру бөлімі жұмыс істейді. Иелігінде 114 бірлік өрт сөндіру техникасы бар, күн сайын жеке құрамнан 150 жуық адам тәуліктік кезекшілікке шығады.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың қараша айында Шымкентте әкімшілік іскерлік орталықта жаңа өрт сөндіру депосы іске қосылды. Сонымен қатар Сайрам тұрғын алабында өрт сөндіру депосының құрылысы жүргізіліп жатыр.