Тәуелсіздік мерекесіне орай Түркістан облысында 600 орындық жаңа мектеп ашылды

Фото: Түркістан облысының әкімдігі

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Сайрам ауданы, Манкент ауылдық округіндегі «Айнабұлақ» негізгі орта мектебі ел игілігіне берілді. 600 орынға шақталған білім ұясы облыстық бюджет есебінен салынды.

Білім ордасының оқу ғимараты 3 қабаттан тұрады. Заманауи үлгіде салынып, материалдық-техникалық базасы талапқа сай жабдықталған. Мектепте асхана, оқу және зертхана бөлмелері, спорт залы соңғы үлгіде жасалған. Ұлдар мен қыздарға арналған шеберханасы мен арнайы дәрігерлік кабинет қарастырылған. Информатика мен робототехника сыныптары да бар. 

Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Білім ордасының ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындарды қос мерекемен құттықтап, ұстаздар мен оқушыларға сәттілік тіледі.

Фото: Түркістан облысының әкімдігі

— Бүгін қуанышты сәтте жолығып тұрмыз. Ел Президенті білім саласына қолдау көрсету, ауылдарды дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Өңірде осы бағытта қарқынды жұмыс жүруде. Бұл мектепте білім алуға барлық жағдай жасалған. Мұның бәрі өсіп келе жатқан ұрпақтың игілігі үшін істеліп жатыр, деп атап өтті облыс әкімі Дархан Сатыбалды. 

Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Айта кетейік, Түркістан облысында биыл 50 мектептің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның 29-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатыр. «Жайлы мектеп» жобасы арқылы 2 мектеп тапсырылып үлгерді.

Фото: Түркістан облысының әкімдігі
Фото: Түркістан облысының әкімдігі