Тәуелсіздіктің 35 жылдығына 35 күн қалды: Қазақстан өңірлері мерекеге қалай дайындалып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Тәуелсіздігінің 35 жылдығына 35 күн қалды. Мемлекеттік мереке қарсаңында елорда және өңірлерде көшелер, ғимараттар және қоғамдық орындар мейрамға сай безендіріле бастады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Фото: Ақмола облысы әкімдігі

Биыл Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған ресми мерекелік рәміздер әзірленді. Олар қалалық кеңістіктерді безендіруде, сондай-ақ мерейтойға арналған мәдени, қоғамдық және басқа да іс-шараларда қолданылады. Бұл мерекелік бастамаларға бірыңғай визуалды стиль беруге мүмкіндік береді және ел бойынша мерекелердің жалпы тақырыбын көрсетеді.

Астана әкімдігінің мәліметі бойынша, мереке қарсаңында елордадағы ғимараттар мен LED экрандар Тәуелсіздік тақырыбына орай безендірілді. 

3D LED экранда, айналмалы дөңгелекте, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ ғимаратының қасбетінде және қаланың басқа да көрікті жерлерінде мерекелік бейнелер пайда болды.

Қызылорда мен облыстың аудан орталықтарында да мерекеге дайындық басталды. Тақырыптық суреттер LED экрандарда, ғимараттардың қасбеттерінде және айналмалы дөңгелекте көрсетілуде.

Жетісу облысында да халық көп шоғырланатын қоғамдық орындарда, атап айтқанда, медициналық мекемелердің, сауда үйлері мен сауда-ойын-сауық орталықтарының маңында және келушілер көп болатын өзге де орындарда 21 LED-экран іске қосылды. Мерекеік ақпараттық науқан Талдықорған қаласын, сондай-ақ Сарқан, Ақсу, Ескелді, Панфилов, Кербұлақ және Көксу аудандарын да қамтыды.

Мерекелік безендірулер еліміздің басқа аймақтарында да орнатыла бастады. Нақтырақ айтқанда, Қарағандыда, Шығыс Қазақстан облысындағы Өскеменде және Ақмола облысының елді мекендерінде тақырыптық LED экрандар пайда болды.

Еске сала кетейік, Тәуелсіздік күні «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес аталып өтеді. Қазақстан Егемендігі туралы заңды Жоғарғы Кеңес 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылдаған болатын.

Тәуелсіздік алу Қазақстанның қазіргі тарихының бастауы болды. Ол еліміздің дербес егеменді мемлекет құруына, ұлттық экономикасы мен мәдениетін дамытуына және тәуелсіз сыртқы саясат жүргізуіне мүмкіндік берді.

Еске сала кетейік, Қазақстанның жаңа Конституциясында «Тәуелсіздік» және «Егемендік» сөздері бас әріппен жазылды.