Тауға баратын туристер ТЖМ-ге онлайн хабар бере алады

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Осы аптада Туризм және спорт министрлігі туристердің таулы аймақтардағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ТЖМ бөлімшелеріне өз маршруттары туралы міндетті түрде хабарлау нормасы туралы айтқан еді. Бүгін Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев бұл жаңашылдыққа қатысты пікірін айтты. 

— Әрине біздің туристер өздері тауға кетіп қалады да, адасып кетеді. Кейін оларды туыстары іздей бастайды. Олар да қай жерге барғанын білмейді, ал біз өз тарапымыздан жедел көмек көрсетуіміз керек. Сол үшін заңға өзгеріс енгізіп жатырмыз, жергілікті органдармен бірлесіп, арнайы тізім жасаймыз. Осылайша, біреу жоғалып кетсе, жылдам таба аламыз, − деді Кеген Тұрсынбаев Сенат кулуарында.

Оның айтуынша, туристер өз сапары туралы ТЖМ-ге онлайн хабар беруге болады. Алайда, әзірге платформа белгісіз.

Айта кетейік, соңғы бес жылда 400-ден астам құтқару операциясы жүргізілді. Тек өткен жазда 112 жағдай тіркелген.