Тауға шығамыз деп жарақат алған алматылық бойжеткендер құтқарылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматылық туристердің демалыс күндері дәстүрлі тауға шығу жорықтары Республикалық жедел-құтқару жасағының қызметкерлері үшін жексенбілік іздестіру-құтқару жұмыстарына ұласып кетіп жатады. Өткен демалыс күндері де осныдай жағдай қайталанды, деп хабарлайды ТЖК-ның сайты .

12 ақпанда сағат 14:40-та РЖҚЖ жедел кезекшілігінің телефонына қонырау келіп түсті: Фурманов шыңына шығатын жолда туристік топпен аттанған жас қыз құлап арқасын зақымдап алған.

РЖҚЖ құтқарушыларының оқиға орнына шыққаны сол еді, жедел кезекшілікке тағы бір қоңырау келіп түсті: бірінші оқиға болған жерден қашық емес басқа тұста тағы бір бойжеткен құлап аяғын зақымдап алғаны хабарланды.
 

Айта кетерлігі, екі оқиға Қимасаров шатқалында, «Денсаулық соқпағы» деп аталатын жолда орын алған. Қызықты атауына қарамастан, туристердің тауға шыққанда шатқалдағы сүрлеуде жүруге жауапсыздық танытып, сәйкес келмейтін аяқ киіммен шықса сапар соңы емдеу мекемесіне әкеледі.

Екі зардап шегушінің бір-біріне жақын болуына қарамастан, тағы бір жедел жасақ тобын жіберу туралы шешім қабылданды. Өйткені олардың жеке жеке тасымалдау қажет еді.

Құтқару жұмыстары ұзаққа созылған жоқ: екі зардап шегуші табылды. РЖҚЖ медициналық бөлімінің қызметкерлері оларға алғашқы көмек көрсетті, содан соң, қыздар төменде күтіп тұрған Апаттар медицинасы орталығының бригадасына дейін тасымалданды.

Іздестіру жұмысына РЖҚЖ жеке құрамынан 12 адам және 2 дана техника жұмылдырылды. 2 адам құтқарылды.