Тәулігіне 15-16 сағаттан жүгірдім — 600 шақырымды еңсерген ультрамарафоншы

Фото: Видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM — «Астана–Көкшетау–Астана» бағытымен 600 шақырымдық жолды жүгіріп өткен ультрамарафоншы тарихи жетістікке қалай жеткенін баяндап берді. Желаяқ Рауан Әбілхановтың айтуынша, марафон бес күнге созылған.

— Әлемдік рекордқа өтініш беріп жатырмыз. Бірақ өз еліміздің рекордын жаңарттым, — дейді ол «Jibek joly» телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасындағы сұхбатында.

Күн сайын шамамен 100 шақырымды еңсеру — екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Алайда Рауан Әбілханов мұндай қашықтықты бағындыруға төзім мен рухтың арқасында жеткенін айтады.

— Алдыңғы 350 шақырымдық марафонда қаншалықты қиын екенін көрдім. Ол жерде де кедергілер көп болды. Сол тәжірибеден кейін кемшіліктерді түзетіп, 600 шақырымды көздеген едім, мақсатыма жеттім — дейді марафоншы.

Ол мәреге сүрінбей жету үшін өз жоспарына сай тәулігіне 120 шақырым жүгіруді мақсат еткенін айтады.

— 120 шақырымнан артта қалсам, әрі қарай қиын болатынын түсіндім. Тәуліктің 15-16 сағатын жүгіруге, қалған 7-8 сағатын ұйқы мен ас ішуге арнадым. Ұйқы қысып, шаршаған сәттер көп болды. Бірақ жол бойы адамдар үстел жайып, қолпаштап отырды. 10 шақты әскери қызметші, сыныптастарым, ата-анам мен ағаларым келіп қолдады. Сол кісілердің қолдауы маған күш берді, — дейді Рауан.

Рауанның айтуынша, бұл идея оған бұрынғы марафон кезіндегі тәжірибелерден кейін келген. 
Бұған дейін ол Алматы облысында 360 шақырымды 48 сағатта жүгіріп өткен. 

Камила Мүлік