«Тәулігіне — 5 мың текше метр»: Маңғыстаудағы су тұщыту зауытында жаңа қондырғы іске қосылды

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM — Маңғыстау облысында «Каспий» су тұшыту зауытының қуатын екі есеге ұлғайту жобасы сәтті жүзеге асырыла бастады, — деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

25 шілде күні тәулігіне 5 мың текше метр су өндіретін алғашқы қондырғы іске қосылды. Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай зауытқа барып, жаңа қондырғының жұмысымен танысты.

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Маңғыстау облысында ауыз су тапшылығын жою бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жаңа қондырғы — Каспий су тұшыту зауытын жаңғырту жобасы аясында пайдалануға берілетін қондырғылардың алғашқысы. Қалған төртеуі тамыз айының соңына дейін кезең-кезеңімен іске қосылады. Осылайша, зауыттың қуаты күзге дейін екі есе артып, өңірге 40 мың текше метр су беріледі.

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

— Өңірді ауызсумен қамтамасыз ету, су тапшылығын жою мәселесі облыс әкімінің жіті назарында. Сондықтан аймақ басшысы бүгін де зауыттағы жұмысты бақылап, жаңа қондырғының іске қосылуына куә болды. Қосымша берілетін 5 мың текше метр суды апта соңына дейін Мұнайлы ауданына және Ақтау қаласына бөлуді жоспарлап отырмыз. Жалпы біздің негізгі тұтынушылар — Мұнайлы, Қарақия ауданының тұрғындары, сонымен қатар шілдеден бастап Ақтау қаласының аумағына да су жеткізудеміз. Қазір зауыт қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр, — деді «Каспий» су тұшыту зауытының директоры Нұрлыбай Аққұлов.

Облыс әкімі зауыт басшылығына қалған қондырғылардың да жұмысын сапалы жүзеге асыруды тапсырды.

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Айта кетейік, өңірдегі ауызсу көлемін арттыру үшін жақында «МАЭК» ЖШС аумағында тәулігіне 6000 текше метр су тұшытатын қондырғы іске қосылды. «СК-А-Строй» ЖШС де су тұшыту зауытының қуатын 5000-нан 9 000 текше метрге дейін арттырады. Сондай-ақ тамыздан бастап Ақтау қаласына тәулігіне қосымша 6000 текше метр ауызсу беріледі.