Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Алдан Смайыл осылай мәлім етті.
Өз сөзінде А. Смайыл телерадио хабарларын таратудағы тың бастамаларға тоқтала келе, Байланыс және ақпарат министрлігінің бұл бағытта нәтижелі жұмыс жүргізіп отырғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, министрліктің телерадио саласындағы қазіргі қызметі Еурокомиссияның 2005 жылы сандық телевидениеге көшу жөніндегі шешіміне сәйкес өрістетілуде. «Жоспар бойынша республикамызда сандық эфирлік телевидениеге көшу үстіміздегі жылы жаңа сапада жалғасын табады. Қарағанды облысында жүзеге асырылатын ілкі жоба бүкіл елімізді қамтиды. 2015 жылы сандық телевидениенің жетістіктеріне қазақстандықтардың 98 пайызы куә болады. Таяу уақытта «Мәдениет», «Білім», «Іскер» телеарналары ана тілімізде хабар таратпақ», - деді депутат.
Оның айтуынша, сандық телевидение рухани құндылық бола отырып, есептік ақпарат технологиясын, мемлекеттік жиілік ресурсын тиімді пайдалану арқылы әлемдік ақпараттық кеңістікке еркін кіруге жол ашады. Қомақты экономикалық пайда да әкеледі. «Эфирлік кеңістігімізге шетелдер ақпараты кеңінен енген бізге сол кеңістікті ана тіліндегі ақпаратпен барынша толтырудың оңтайлы сәті туды. Оны толық пайдалану мемлекеттің ақпарат саласындағы басым бағыты болуға тиіс», - деген ол Үкімет басшысының тәулік бойы қазақша хабар тарататын арна ашу туралы мәселесіне назар аударды. «Егер осы талап нақты жүзеге асырылса, рухани өміріміздегі тарихи оқиға болар еді. Қазақ тілінің және осы тілде таратылатын ақпараттың қоғамдағы ықпалын арттырудың бұдан тиімді жолы да жоқ. Біз осы саяси-әлеуметтік маңызы зор қадамымыз арқылы қазақ тілін қазақстандықтардың ортақ тіліне, ел бірлігінің кепіліне айналдыру мақсатына өлшеусіз үлес қосамыз. Ел Президентінің Халыққа биылғы Жолдауында атап көрсетілген - мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтардың санын 2017 жылы - 80, 2020 жылы - 95 пайызға жеткізіп, он жылда мектеп бітірушілердің 100 пайызы қазақ тілін біліп шығуына қол жеткізу жөніндегі міндеттің дәйекті жүзеге асуына ықпал етеміз. Сондықтан да құзырлы органға берген тапсырмаңыздың жүзеге асырылуын жеке бақылауға алуыңызды өтінеміз», - деді депутат.