Бұл күндері әлем назары Қазақстанға ауып отырғандықтан, елімізде болып жатқан жаңалықтар ретін дүйім халық осы арнадан біле алады. «Саммит ТВ» «Хабар» агенттігінің спутниктік жүйеде ақпарат тарататын «Каспионет» арнасы арқылы көрсетіледі.
«Саммит ТВ» арнасы бүгін эфирге шықты. Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Саммитіне келген қонақтар, олардың ой-пікірлері, қабылданған шешімдер жайлы толық ақпаратты осы телеарна, 24 сағат бойы ағылшын тілінде таратып отыратын болды. Дайджест ретінде жүретін 10-минуттық жаңалықтар сағат сайын жаңаланып отырса, күн сайын кешкі сағат онда эфирге арнайы жаңалықтар бюллетені шығады. Оны Джонатан Ньюэлл жүргізеді.
Жаңалықтардан бөлек, арнада сол күннің айтулы сұхбаттары да беріліп, құлақ құрышын қандырар қазақ классикасы мен эстрадалық әндер қойылады. Әрине, барлығы ағылшын тілінде болғандықтан, бұл күндері аудармашылар санын 4 есеге арттыруға тура келді, - дейді әріптестеріміз. «Каспионет» телеарнасының ұжымы, қайнап тұрған қазанды еске салды. Себебі, жаңа арнаның бар ауыртпалығы осы азаматтардың мойнында.
«Саммит ТВ» телеарнасының безендірілуі де жоғарғы деңгейде. Сондай-ақ, осы арнадан өткен барлық ақпаратты көрермен қауым, Онлайн тәртібінде «Каспионет» сайтынан көре алады. 25-қарашадан 3-желтоқсанға дейін жұмыс істейтін, бүкіл оқиға мен жаңалықты жедел жеткізіп отыратын «Саммит ТВ» еліміздің имиджін қалыптастыруды мақсат етеді.