Тәуліктік балапан импортына жыл сайын 1 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалуда - Ауыл шаруашылығы министрі

АНА. 8 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Еліміздегі құс фабрикалары асыл тұқымдық жұмыртқа және тәуліктік балапан импортына жыл сайын 1 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсап жатыр.

Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев осылай мәлім етті.

«Асыл тұқымды құс шаруашылығының базасын дамыту бірқатар шараларды қабылдауды қажет етеді. Қазір бізде жұмыртқа бағытындағы құс шаруашылығының асыл тұқымдық базасы жоқ. Сондықтан да осы тұрғыдан біз толығымен импортқа тәуелді болып отырмыз. Мәселен, еліміздегі құс фабрикалары асыл тұқымдық жұмыртқа және тәуліктік балапан импортына жыл сайын 1 мрлд. теңгеден астам қаржы жұмсауда», деді А. Күрішбаев.

Министрдің сөзіне қарағанда, аталған мәселені шешу үшін «Астана құс» мамандандырылған асыл тұқымды шаруашылықтың қуатын арттыру, сондай-ақ 2 жекеменшік асыл тұқымды репродукторды құру шаралары қарастырылады.