«...Таусылмайтын тау бұлағы» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 12 мамыр, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымы бүгін тұтастай бір бетін Қазақстанның халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Серке Қожамқұловтың 120 жылдығына арнаған екен. Серке, яғни, Серәлі Қожамқұлов 1896 жылы Қостанай өңірінде туған. Актер, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушылардың бірі. Басылым Серәлі атамыз туралы әр замандағы тұлғалардың естеліктерін ұсынып отыр. Мысалы, жазушы Ғабит Мүсірепов «Мен қазақтың сөзін, қазақтың қара сөзінің інжу маржандарын Серкеден үйрендім» деп айтқан екен. Ал, Серке Қожамқұловтың өзі сол заманда «Театр мен Жазушылар одағының өзара творчествалық қарым-қатысы күшеймейінше, біріне-бірі нақты көмек жасамайынша, біз репертуар тапшылығынан құтыла алмаймыз» деп қазіргі театрлардың бас ауыртар мәселесін сол кезде дөп басып айтып кеткен екен. «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы Серке Қожамққұловтың 120 жылдығына арналған ауқымды материалды «...Таусылмайтын тау бұлағы» тақырыбында оқыңыздар.

Сондай-ақ, басылымның хабарлауынша, Жеңіс күніне орай, Семейдің орталық алаңында музыкасы ойнап тұратын жаңа субұрқақ ашылды. Қала кіндігіндегі көкке шап-шыған мөлдір суларымен, ғажайып сазымен, мың бұралған биімен һәм көрер көзге көркем түрлі-түстілігімен баураған бұл ерекше фонтан нысанына облыстық бюджеттен 205 миллион теңге жұмсалды. Оның көкке тік шаншылған суларының биіктігі 18 метрге дейін жетеді. Құрылысы өткен күзде басталып, 9 мамыр - Жеңіс күнінде пайдалануға берілді. Субұрқақ құрылысын «Семейпластком» кәсіпорны жүргізген. Айта кетейік, субұрқақтың өз диаметрі 30 метрді құраса, жоғары тостағанының биіктігі 8 метрге тең. Су ішінде 280 диодты жарық шамдары орнатылған. Ал ең басты ағысы жерден 18 метр биіктікке дейін шапшиды. Төрт жағында 4 бағана орналасқан. Су ағыстары танымал классикалық шығармалармен бірге бес түрлі түспен көмкеріле көтеріледі. Бұл жобада 10 әуен ойнайды екен. Бұл туралы толығырақ «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Семейдегі сәнді субұрқақ» атты мақаладан оқи аласыздар.

***

«Время» газеті Қазақстандағы атақты хирург, Ұлттық кардиохирургия орталығының жетекшісі, Қазақстанда алғаш рет жүрек алмастырған хирург Юрий Пяның бір жұмыс күні қалай өтетінін хабарлап отыр. Қолдары «алтын» дәрігер таңғы алтыда жұмысын бастайды екен. Газет тілшілері барған күні ол 12 операцияға қатысқан. Ал, әр операцияның неше сағатқа созылатынын санай беріңіз... алғаш рет жүрек алмастырған хирург Юрий Пяның бір күні туралы толығырақ «Время» газетінде жарық көрген «Хирург Юрий Пя: Я люблю похулиганить» атты сұхбаттан оқи аласыздар.

***

Ал, «Экспресс К» газеті әлеуметтік желіде тараған ақпаратты жоққа шығарып отыр. Ол «Қазақстанда жедел жәрдем шақыру ақылы болады» деген жалған ақпарат. «Әлеуметтік желі Қазақстанда жедел жәрдем ақылы болады деген ақпаратқа шулай кетті. Шын мәнінде, бұл жай қауесет қана емес, нағыз жалған ақпарат болып шықты. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл ақпарат көршілес Ресейде болып жатқан реформаға қатысты екен. Ал, Қазақстанға бұл заңның еш қатысы жоқ» деп жазады басылым. Бұл туралы толығырақ газеттің бүгінгі санындағы «На скорую руку» атты мақаладан оқи аласыздар.