Іс-шараны Қазақстан, Нигерия мен Оңтүстік Африка елшіліктерінің қолдауымен Таиландтың Индустрия министрлігі, Таиланд Инвестициялар бойынша агенттігі, Қазыналық саясат ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Қазақстан Республикасының инвестициялық әлеуеті туралы таныстырылыммен Қазақстанның Таиландтағы Елшісі Марат Есенбаев сөз сөйледі. Ол тай тыңдаушыларын Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық саладағы жетістіктеріvty және еліміздің инвестициялық әлеуетімен таныстырды. Елшінің сөзінде Астанада ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық тұрғысында тай компаниялары үшін жаңа инвестициялық мүмкіншіліктерге баса назар аударылды.
Таиланд Инвестициялар бойынша агенттігі бас хатшысының орынбасары Васана Мутутанонт өз сөзінде жаңа дамушы нарықтардағы инвестициялар үшін үлкен мүмкіндіктерді атап өтті. «Біз тай инвестициялары үшін жаңа басым бағыттарды - Қазақстан, Нигерия мен ОАР-ды анықтадық. Қазақстан бұл тізімде Орталық Азиядағы жетекші орынға ие». Тай спикерінің сөзіне сәйкес, бұған Қазақстанның қолайлы инвестициялық ахуалы, мол табиғи ресурстары, қолайлы географиялық жағдайы мен инфрақұрылымдық дамуы негіз болды.
Мемлекеттік органдар, бизнес, БАҚ мен ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен қатар семинарда жетекші тай компаниялары, сауда палатасы мен қауымдастықтарының басшылары өз тәжірибесімен және көзқарастарымен бөлісті. Қазақстандағы мүмкіндіктерге қатысты сөз алған тай компаниялары өкілдері Қазақстанды бизнес жүргізу үшін келешегі зор аймақ ретінде қарастыратынын мәлімдеді. Мемлекеттің Кеден одағына кіруі, Қазақстан Үкіметінің алдағы инвестициялық ахуалын жетілдіру бойынша қолға алып отырған шаралары, үдемелі индустриализацияландыру бағдарламасын іске асыру, сонымен қатар елде болып жатқан оңтайлы өзгерістер тай инвесторларының қызығушылығын тудыруда.
«Біз Таиланд индустрия министрлігімен бірге Қазақстанға тай компанияларының инвестицияларын тарту бойынша жүйелі жұмыс пен Сіздің еліңізде жаңа экспортқа бағытталған және жоғары технологиялық өндірісті құруға ниет етудеміз», - деп атап өтті Қазыналық саясат ғылыми-зерттеу институтының директоры Пич Нитсмер.
Семинар қорытындысы бойынша, ағымдағы жылдың соңына дейін Қазақстанға 50 тай кәсіпкерлерінің қатысуымен сауда миссиясы қазақстандық серіктестермен өз идеяларын іске асыруды талқылау үшін жіберілетіні туралы келісімге қол жеткізілді.