Таяу 5 жылда елордада сумен жабдықтау қызметтерінің тарифі 3-5 есеге қымбаттамақ

АСТАНА. ҚазАқпарат – Таяу 5 жылда елордада сумен жабдықтау қызметтерінің тарифі 3-5 есеге қымбаттауы мүмкін. Бұл жайында Астана қаласының әкімдігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елорда әкімдігі 2035 жылға дейінгі келешекте қажетті көлемде тұрақты сумен жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында Сәтбаев каналынан үшінші Сорғы-сүзгі стансаға дейін берілетін су құбырын салу мәселесін қарастыруда. Осы жоба бойынша жобалау-іздестіру жұмыстарын 2024 жылы бастау жоспарланған. Қажетті қаражат көлемі мемлекеттік ведомстводан тыс сараптама жобасынан өткеннен кейін айқындалатын болады», - деді әкімдік агенттіктің ресми сауалына берген жауабында.

Ұсынылған ақпаратқа қарағанда су құбырын жобалауды шамамен 2025 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

«Қала тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етудің баламалы жолдарының бірі - халық үшін сумен жабдықтау қызметтеріне тарифті таяудағы 5 жылда орта есеппен 3-5 есеге арттыру. Бұл жол елорда тұрғындарының ауыз суды үнемді және ұқыпты пайдалануына ықпал ететін болады. Сонымен қатар, бұл тұрғын үйлер мен пәтерлерде суды үнемдейтін сантехникалық құрылғыларды орнатуға және пайдалануға әкеледі», - деп нақтылайды әкімдіктен.